Түркістан облысында отбасылық жанжал кезінде әйелі күйеуін оқтаумен соққыға жығып, жанарын зақымдай жаздаған оқиға орын алды, деп жазады Alash.kz.
Әлеуметтік желілерде жапа шеккен жергілікті тұрғынның осы жағдай туралы айтқан видеожазбасы тарауда. Ер адам оқиға орнына полиция шақыртқанымен, тәртіп сақшылары келмегенін білдірген. Кейіннен ол ауруханаға жеткізіліп, сол жерде тиісті арызын түсірген. Өз кезегінде жәбірленушінің туыстары мұндай отбасылық зорлық-зомбылықтың бұған дейін де бірнеше рет кайталанғанын алға тартып, келіншекті заңды түрде жауапкершілікке тартуды талап етуде.
Өңірлік Полиция департаменті аталған факті бойынша тексеру амалдарын жүргізгенін хабарлады. Ведомство өкілдерінің сөзінше, жанжал тұрмыстық сипатта болған, ал кейіннен жәбірленуші тарап заңды шағымынан бас тартып, кешірім бергенін айтқан және сот-медициналық сараптамадан өткізуден бас тартқан.
Осыған қарамастан, құқық қорғау органдары әйелге қатысты қорғау нұсқамасын шығарып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-1-бабы 2-бөлігі, яғни «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.