Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Танысының жүрек тұсына пышақ сұғып алған»: Атыраудағы цехта орын алған жағдайға қатысты үкім шықты

17:19, 24 шілде 2026

Атырау қаласындағы Құрманғазы көшесінде орналасқан металл құрастырымдарын өндіретін цехта бірге ішімдік ішкен екі азамат өзара керісіп, артынша біреуі екіншісін пышақтап тастаған, деп жазады Alash.kz.

Іс материалдарына сәйкес, азаматтардың арасындағы келіспеушілік ішімдік іше бастағаннан кейін шамамен бір сағат өткенде туындаған. Сотталушының берген түсініктемесіне қарағанда, ол төбелес барысында қарсыласына күші жетпейтінін аңғарып, үстелде жатқан асүй пышағымен оған бір мәрте соққы жасаған. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысы жәбірленушінің жүрек қабы мен жүректің оң жақ қарыншасы зақымданып, кеуде қуысының тесіп кірген пышақ жарақатын алғанын растады. Бұл ауыр жарақат екінші дәрежелі геморрагиялық шокқа ұласып, денсаулыққа келтірілген ауыр зиян ретінде бағаланды.

Сот отырысы барысында жәбірленуші азамат сол түні мас болғанын, жанжалды өзі бастағанын және пышақ сұғылған сәтті байқамай қалғанын жеткізді. Оқиға орын алған бойда айыпталушы жедел жәрдем шақырып, жарақаттанған танысына алғашқы көмек көрсетуге ұмтылған. Осыған байланысты жәбірленуші тарап айыптыға кешірім беріп, оған ешқандай шағымы жоғын айтты және оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Өз кезегінде сотталушы кінәсін толықтай мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірді.

Сот азаматты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп тапқанымен, оның өз айыбын мойындауын, өкінгенін, бұрын сотты болмағанын, жәбірленушіге жәрдем бергенін және жапа шегушінің оны колонияға жібермеу туралы өтінішін ескеріп, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде белгіледі. Енді белгіленген пробациялық бақылау мерзімі ішінде сотталған азаматқа құзырлы органдарға ескертпей тұрғылықты мекенжайын өзгертуге, облыстан тыс жерлерге шығуға, түнгі уақытта үйден кетуге және ішімдік сатылатын орындарға баруға қатаң тыйым салынады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар