Танымал әнші Жігер Ауыпбаев «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына берген сұхбатында алғашқы некесінің бұзылу себептерін айтып, бұрынғы жұбайымен арадағы қарым-қатынасы мен шаңырағының шайқалуына сиқырдың да қатысы болуы мүмкін екенін меңзеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесі бұрынғы жұбайымен отбасын сақтап қалуға тырысқанын, алайда ажырасу туралы шешімді екі тарап та бірдей қабылдағанын жеткізді. Бүгінде төрт баланың әкесі болып отырған әнші арадағы ажырасуға қызғаныш сезімінің де әсер еткенін жасырмады. Сонымен бірге ол жеке тұрып жатқан кезеңде баспанасынан түрлі күмәнді заттарды тауып алғанын да сөз етті.
Ол басынан өткен осы жұмбақ жағдай туралы: «Біз бір-бірімізді жақсы көреміз, сағынамыз. Бірақ кездесе қалсақ, бір-бірімізге атыла кететін сияқтымыз. Кейіннен жалғыз тұрып жүргенімде, үйдің ішінен түрлі-түрлі нәрселер тауып алдым. Төсегімнің бас жағынан, ішкиімдердің астынан себілген тұздар шықты. Пердеге тығылған, басы күйдірілген инелер, паластың астына шашылған зираттың топырағы сияқты заттар таптым. Келіншегімнің қызғаншақтығы бар еді. Кейін ол өзі де соған жеткізгенін мойындады. Біздің отбасылық бақытымызды көре алмаған адамдардың сиқырлап жасаған арам ойы іске асты ма деп ойлаймын», – деп ағынан жарылды.