Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық ауылында 3 және 4 жастағы екі бүлдіршін жоғалып, 3 мыңға жуық жергілікті тұрғын, полиция қызметкерлері мен құтқарушылардың қатысуымен жүргізілген үш сағаттық іздеу жұмыстарынан кейін аман-есен табылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға 17 шілде күні кешке, балалардың анасы жұмыста, ал әкесі іссапарда жүрген кезде орын алған. Жергілікті пабликтерде туыстарының көмек сұраған хабарламасы жарияланғаннан кейін халық арасында үлкен резонанс туып, ауылдың барлық дерлік ересек тұрғыны іздеуге жұмылды.
Кейін анықталғандай, бүлдіршіндерді «балмұздақ алып беремін» деп 25 жастағы жергілікті тұрғын ертіп кеткен. Ер адам ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілген. Ауыл тұрғындары бұған дейін де оның қатысуымен осыған ұқсас жағдайлар тіркелгенін айтады. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде ұсталған азаматтың жүйке ауруымен ауыратыны туралы ақпарат тарап жатыр, алайда бұл дерек әлі ресми түрде расталған жоқ.
Атырау облысының Полиция департаменті оқиғаның мән-жайына қатысты бірден пікір білдіруден бас тартып, тиісті ақпарат прокуратурамен келісілгеннен кейін ұсынылатынын хабарлады.