Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Жоламан ауылындағы «Aktogai Milk» сүт-тауарлы фермасында орын алған оқиғадан қаза тапқан алты адамның үшеуі бір отбасының мүшелері (әкесі мен екі ұлы) екені белгілі болды, деп жазады Alash.kz.
Әлеуметтік желілерде қаза тапқан жұмысшылардың фотосуреттері тарап, марқұмдардың жақындары, достары мен ауылдастары жаппай көңіл айтып, қаралы жазбалар қалдыруда. Желі қолданушылары азаматтардың мейірімділігі мен бауырмалдығын еске алып, олардың жаны жаннатта болуын тілеп жатыр. Бүкіл ауылды еңіреткен бұл қайғылы оқиға бір әулеттің қабырғасын қайыстырып кетті.
Осы орайда марқұмдардың жақындарының бірі әлеуметтік желіде:
«Бір сәтте азаматтарымыздан айырылып қалдық. Бұл оқиға бүкіл әулетімізге қайғының қара бұлтын төндірді. Олардың жандары жұмақта шалқысын», – деп өзекті өртеген өкінішін бөлісті.