Қазақстанда аэротакси алғаш рет сынақтан өтті, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Астанада алғаш рет электрлі тік ұшып-қонатын әуе көлігі (eVTOL) негізіндегі аэротаксиге сынақ жүргізілді.
Көрсетілім ұшуы «Қазанат» ипподромының аумағында өтті. Бұл жоба Қазақстанда қалалық әуе көлігін дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі саналады.
Сынақ барысында бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған AutoFlight Prosperity әуе кемесі пайдаланылды. Аэротакси сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшып, бір қуаттаумен 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсере алады.
Сынақты қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) компаниясы қытайлық AutoFlight өндірушісімен бірлесіп ұйымдастырды.
Айта кетейік, бұл – Қазақстандағы eVTOL әуе көліктерінің екінші сынақ кезеңі. Алғашқы көрсетілім ұшулары 2026 жылдың мамыр айында Алатау қаласында өткен болатын. Кейін елімізде аэротакси, вертипорттар және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесінің құқықтық мәртебесін айқындайтын заңнамалық өзгерістер қабылданды.