Жігер Ауыпбаев ажырасуының себебі туралы айтты, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Әнші Жігер Ауыпбаев «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында жеке өміріне қатысты сыр шертіп, алғашқы некесінің не себепті аяқталғанын айтты.
Өнер иесінің сөзінше, ажырасу туралы шешімге ерлі-зайыпты болып бірге келген. Ол бүгінде төрт баланың әкесі екенін айтып, отбасын сақтап қалу үшін бұрынғы жұбайымен талай мәрте сөйлесіп, қарым-қатынасты түзетуге тырысқанын жеткізді.
Әнші отбасындағы түсініспеушіліктерге қызғаныштың да әсер еткенін жасырмады. Оның айтуынша, жалғыз тұрған кезінде үйінен түрлі күмәнді заттарды тауып, қатты таңғалған.
«Бір-бірімізді әлі де жақсы көреміз, сағынамыз. Бірақ кездескенде жиі келісе алмай қалатын едік. Кейін үйде жалғыз тұрғанымда төсегімнің жанынан, киімдердің арасынан себілген тұздарды көрдім. Сондай-ақ перденің арасына жасырылған ұшы күйдірілген инелер мен кілем астына шашылған зираттың топырағына ұқсас заттарды таптым. Бұрынғы жұбайым қызғаншақ болатын. Кейін мұндай әрекеттерге барғанын өзі де мойындады. Кейде біздің отбасылық бақытымызды көре алмаған адамдардың жаман ниеті әсер етті ме деген ой келеді», – деді Жігер Ауыпбаев.
Әнші бұл оқиғаларға нақты баға бермейтінін, алайда сол кезеңде болған жайттардың отбасының берекесіне кері ықпал еткеніне сенетінін айтты.