Естеріңізде болса, өткен жылдың соңында талдықорғандық келіншек Қарлығаш (белгілі себептермен есімі өзгертілді – ред.) NEGE сайтына сұхбат беріп, Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталовтан бала тапқанын, бірақ бұрынғы әкім алиментті дұрыс төлемей жүргенін мәлімдеген болатын. Бұл іске қатысты жуырда тағы бір жайт белгілі болды, деп жазады Alash.KZ.
Кейіпкерімізге қызының әкесі Амандық Баталов екенін дәлелдеу үшін 1,5 жыл уақыт кеткен. 2022 жылы сот Баталовты қыздың әкесі деп танып, алимент төлеуге міндеттейді. Бірақ Баталов қазір 171 мың теңге алатын зейнеткер ретінде қызына 42500 теңге төлейді екен. Алайда Қарлығаштың айтуынша, экс-шенеуніктің есепшотында миллиардтар айналып жатқан көрінеді. «Баталов 42 500 теңгеден артық ақша төлегісі келмей, табысын жасырып жүр», – дейді ол.
Биылғы жылдың 17 шілдесінде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты арызданушы Қарлығаштың талап арызын қанағаттандырып, жеке сот орындаушысының қарызды анықтаудан бас тарту туралы қаулысын бұзған.
Мәселе былай:
2024 жылы 25 қаңтарда борышкер А.Баталовтың екінші деңгейлі банктегі есепшотына 85 млн теңге, 15 сәуірде 447 млн теңге түскен. «Халық банктің» дерегіне қарағанда, 2024 жылы 15 сәуірде борышкер бір есепшоттан екіншісіне 85 млн теңге аударған. «Forte Bank» есебінше, 25 қаңтарда А.Баталовтың шотына Бағда Баталова (А.Баталовтың жұбайы – ред.) 447 млн теңгені «күйеуім Амандық Ғаббасұлы Баталовқа қайтарымсыз көмек» деген мақсатпен аударған. Осылайша Баталовтың шотына миллиондаған теңге «қайтарымсыз көмек» түскен.
Егер бұл қаржы А.Баталовтың табысы болса, заңды қызының еншісін беруі керек қой? Алайда жеке сот орындаушы Н.Жаданов қарызды анықтау туралы арызды қанағаттандырудан бас тартады. Міне, осы қаулыны 17 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты бұзды.
А.Баталовтың қызына қанша алимент төлеуі керек екенін жеке сот орындаушы анықтауы керек. Бірақ А.Баталовтың адвокаты А.Қанатов осы шешімді бұзу жөнінде Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсірген. Адвокат былай дейді: «2024 жылы 15 сәуірде А.Ғ.Баталов 85 385 077 теңгені өзінің депозитінен картасына аударған. Яғни бұл ақша Баталовтың шотына алимент өндіру уақытынан бұрын түскен. Сондықтан бұл сома алимент өндіруге жатпайды.
Екінші сомаға қатысты (447 млн теңге). 25.01,2024 жылы А.Ғ.Баталовтың шотына жұбайы Б.Т.Баталовадан 447 млн теңге түскені рас. Бұл ақша БАӘ Дубай қаласындағы пәтерлерді сатудан түскені анықталды. Бұл пәтерлерді Баталовтар отбасы 2008 жылы сатып алып, Баталовтың жұбайы Б.Т.Баталованың атына рәсімдеп қойған».
Қарлығаштың адвокаты Гүлшат Азаматованың айтуынша, бірінші сатыдағы сот олардың талабын қанағаттандырып, 447 миллион және 85 миллион теңге көлеміндегі белгілі бір табыс түрлерін А.Баталовтың кірісі деп таныған. Алайда А.Баталов бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіріп отыр.
«Бұл іс екі айдан астам уақыт бойы қаралып келеді. Егер шешім маусымның 16 немесе 17-сінде шыққан болса, бүгін қыркүйектің 16-сы, яғни арада үш ай өтті деген сөз», – дейді адвокат Г.Азаматова.
Баталов менің клиентіме, яғни өз қызына, айына 42 500 теңге алимент төлейді. Қазір бұл сома 44 000 теңгеге дейін өсті. Жыл сайын бұл сома индексацияланып, сәл көбейіп отырады. Бірақ бұл пандемия кезіндегі жәрдемақы сияқты жай ғана аздаған ақша. Мұндайға адам ұялуы керек. Өзінің туған баласына лайықты алимент төлей алмай, бізбен соттасып жүр. Ал сол уақытта ұлына «қайтарымсыз көмек» деп 1 млрд 154 млн теңге аударған. Бұл нені білдіреді? Демек, оның ақшасы бар. Бұл қаржы қайдан келді, деген сұрақтың туындауы заңды.
Біз әділ сот шешіміне үміттенеміз. Егер қажет болса, біз кассациялық сатыға да, Жоғарғы сотқа да, тіпті Конституциялық сотқа да жүгінуге дайынбыз», – дейді адвокат Г.Азаматова.