Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

4 күнде 1 сарбаз өледі: “Ешқандай кінәсі жоқ 237 сарбазды жер жастандырған бүгінгі билік әскердегі бассыздықты тоқтатады деп айта алмаймын” - САРАПШЫЛАРМЕН СҰХБАТ

16:56, 16 қыркүйек 2024 1064

Қазақстанда соңғы төрт жылдың ішінде әскерде 310 сарбаз қаза тапқан. Бейбіт күннің ішінде елімізде әр 113 сағаттың ішінде (шамамен 4 күн) 1 сарбаздан қаза тапқан. Alash.kz ұлттық порталы жыл басынан бері әскерде қаза тапқан, ауыр жарақат алған, БАҚ бетіне жарияланған сарбаздардың тізімін жинақтады. Ал жарияланбағаны қанша…

Мақала барысында елімізге танымал әскери-сарапшы Ермек Сейітбатталов және саясаттанушы Дос Көшім арнайы сұхбат берді.

Жыл бастала сала 4 қаңтар күні Әмір Байтұрғанов есімді сарбаз қаза тапты. Әмір Байтұрғанов әскерге 2023 жылдың күзінде шақырылған.

Изображение.png

Марқұмның отбасы 21 желтоқсанда қаралы хабарды естіген.

“Түнгі сағат 03:00-де әскери бөлімнен қоңырау шалынды. Олар сіздің ұлыңыз есін жия алмай, ес-түссіз жатыр деп хабарлады. Олар менің бөлімге дереу келуімді сұрады. Сол күні таңғы сағат 06:20-да ұлым есін білмей қайтыс болды", – дейді марқұмның әкесі Мұрат Байтұрғанов.

13 мамыр күні тағы да сарбаз қаза табады. Бұл жолы да ұру-соғу, таяқтың астына алу оқиғалары белгілі болды.

Изображение_1.png

2023 жылдың қаңтар айында Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылына Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен Досымжан Сәлімжан Беркінұлы аяқ астынан ауырып, госпитальға кеткен. Үш күннен кейін қаза тапты. Алты айдан кейін табытпен оралған баласын жоқтаған ана барлық әлеуметтік желіге жоқтап жазды. Тоқаевтан әділдік сұрап, кінәлілер толық жазалануын өтінді. Бірақ іс кейін тыныш қалды.

“Сарбаздар өз басшыларын әкесіндей көріп, оларды «ӘКЕ, БАТЯ» деп атайды екен. Өзіне риясыз сенген ұлын әскери әкесі өлімге қиды. Аманатқа қиянат жасалды. Озбырлық өз мақсатына жетті. Артта ботадай боздап әке-шеше қалды. Ұлдың орнын енді кім толтырады? Досымжанның өліміне түгел Жылыой халқы қайғырып көңіл айтады. «Тас түскен жеріне ауыр» деген, «қуанышты бөліссе көбейеді, қайғыны бөліссе азаяды» дегендей, көп болып қол ұшын берейік, ағайын!»,-деді қаза тапқан сарбаздың туысы.

14 маусым күні Аягөздегі 10810 гарнизонында мерзімді әскери қызметін өтеуші қаза тапты. Қайғылы оқиға оқу-жаттығу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан болған. Бұл жайлы ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері хабарлады.

Изображение_2.png

Нақтылап өтейік,қапияда өмірден өткен 21 жастағы Өсербей Ақан Алматы облысы, Қарасай ауданының тумасы. Былтыр күзде Отан алдындағы борышын өтеу үшін Аягөз қаласына аттанған. 

Марқұмның туған-туыстары журналистерге баласының денесі техниканың астында қалғанынасенбейтінін айтқан: 

– Баламды көруге менің айғайыммен, ұрсуыммен әрең кірдік. Жалғыз өзімді мәйітханаға кіргізді. Көрдім. БТР-дың астына түсіп қалған дейді. Білмеймін. Балам сол қалпында жатыр. Егер де сондай ауыр техниканың астына түсіп қалса, езіліп қалмай ма? – дейді марқұмның анасы Бану Ақанқызы.

7 қыркүйек күні Маңғыстау облысындағы полигондағы жиын кезінде жараланған сарбаз ауруханаға жетпей көз жұмды.

IMG_4754.png

Қайғылы оқиға 7 қыркүйекте Оймаша полигонында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы бөлімшелерінің жиындары кезінде болды.

Сағат 17:10 шамасында лагерь кезекшісі, гвардия лейтенанты ПМ 9 мм тапаншадан рұқсат етілмеген оқ атып, гвардияның мерзімді қызмет сарбазы, қатардағы жауынгер Марат Ерболұлы Барқұловтың бетіне тиді.

10 қыркүйек күні Келісім шарт бойынша әскери қызметкер қаза тапты.

Изображение_3.png

“Мына тағы бір әділетсіздік. Астана қаласында міндетті әскери қызметін өтеп шыққан солдат Алматы қаласына келісімшарт бойынша ауысып, қызмет етіп жүрген. Есімі - Алмаз. Бір күні оның анасына Алмаздың қайтыс болғаны туралы суық хабар жеткізілді. Алғашында кінәлілерді жазалаймыз деп уәде берген болатын. Бірақ кейін олар Алмаздың өзін-өзі абайсызда атып алғанын мәлімдеді”,- деп жазды телеграм арнасы. 

 

IMG_4755.png

Бас жарақатын алып 6 айдан бері комада жатқан Ербаян Мұхтардың жағдайы әлі де мәз емес. Сарбазды жеті бірдей лейтенанттык соққыға жыққандығы туралы әлеуметтік желілерде айтылып жүр. Ақиқатын Алла біледі.

"Әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау командирлер үшін басты міндет болып табылады. Біз де Ербаян Мұхтардың туыстары мен жақындарымен бірге оның денсаулығына алаңдаймыз және ҚР Қорғаныс министрлігінің емдеу мекемелерінде медициналық көмек көрсетуге дайынбыз" деп жазған ҚР ҚМ баспасөз қызметі. 

Ұлттық ұланның хабарлауынша, қатардағы Ербаян Мұхтардың бас жарақатын алу фактісі бойынша ҚР ҚК 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалған. Бұл жерде әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелері бұзылған. 

IMG_4751.png

Жамбыл облысында сарбаз Әбділпат Нұржігіт 9 маусым күні жансақтау бөліміне түскен болатын.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі сарбаздың жағдайы ауыр екенін мәлімдеген. Науқас 9 маусым күні Гвардейск әскери госпиталінен жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Қордай орталық аудандық ауруханасына «полисегментальды пневмония» диагнозымен жатқызылды. Оң жақта плеврит. 3-4 дәрежелі жұқпалы токсикалық шок. Сепсис. Мидың гипоксиялық ісінуі, церебральды кома 2-3. ДВС синдромы. Науқас клиникалық өлімді бастан кешкен. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы өте ауыр, көптеген мүшелер жеткіліксіздігі байқалады. Атап айтқанда, тыныс алу, жүрек, бауыр, церебральды және инфекциялық токсикалық шок белгілері бар. Гемофильтрация және дәрі-дәрмекпен емделеді», - деп жазған еді сол тұста. 

Ұзақ уақыт бойы жансақтау бөлімінде өмір мен өлім арасында жатқан сарбаз аман-есен жазылып шықты. Ата-анасы сарбазды қолдаған халыққа алғыстарын жаудырды.

Осы орайда әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовтан сұхбат алдық.

-Бейбіт күнде 270 сарбаз қаза тапқан. Күні кеше күллі қазақ халқы маңғыстаулық сарбазды жер қойнына аттандырды. Неге әскердегі өлім тоқтамай тұр? Бұған не себеп?

− Әскерде, «әрбір келген жас қазақ жігіт менің отандасым, менің бауырым», - деп, әскери толымға мейіріммен қарайтын командир болмаса, бізде әлі осындай оқиғалар жалғаса береді.

Қайдан біз бұндай командирді табамыз?- десеңіз, оны әскери жоғары оқу орнынан тәрбиелеп шығаруымыз керек.

Ал ол әскери жоғары оқу орнында командирді тәрбиелейтін оқытушы офицер бар ма?- десеңіз, менің жауабым – әзірше жоқ. Басынан аяғына дейін жаңа реформа жүргізу керек.

Айтып отырған командиріміз жас толымды қалай тәрбиелеу әдісін білу керек.Жаңа келген жас толым, бір-бірін әлі жақсы танымайды. Оларға, жан-жағындағы дүние түгел - жаңалық. Олар назарын қойып қарайды. Осы кезең «адаптация» деп аталады. Осы кезде тәрбиеші командир, келген жас толымға әскери тәртіптің қатаң талаптарын жеткізіп, оны орындатудың амалын табу керек. Түгел жас толымды бір теңдік жағдайға келтіруі қажет. Айырмашылығы жоқ болуы керек. Барлығы бір инкубатордан шыққандай, айырмашылығы жоқ қатардағы сарбаз болуы қажет. Сонда момыны да, бұзақысы да азаматтық кездегі өз мінезін ұмытады. Талап күннен-күнге қатайып, еттері әскери өмірге үйрене бастайды.

Әскери қызметте өте аз бос уақыт болады. Сол кезде бір-бірімен таныса бастайды.  Бұл кезең «дифференцация» деп аталады. Осы кезде жақсы ұжым, жаман ұжым құрыла бастайды.

Командир өз жанына жақсы, белсенді жігіттерді жинап соларға итерсең жүретін, итермесең жүрмейтіндерді қосып жақсы топты көбейтуі керек.

Жақсы топ, оның арасында белсенділер көбейген соң, олар өзі, командирсіз-ақ бұзақыларды тәрбиелеп алады. Жеке және ұжым арқылы тәрбиелеу деген осы әдіс, егерде қысқаша айтса, «Синтез» деген тағы бір кезең бар. Осы кезеңде жаңағы аталған әскери ұйым, командирімен, жас толымы мен бір жанұя сияқты, бір-біріне мейірімді, жанашыр, қайырымды болады. Сонда әскерде жаралану, мерт болу, өлім деген оқиға өте сирек болады.  

 Бұл қасіретке мемлекет қалай тыйым сала алады? Арнайы заң қажет пе?

− Кең және терең реформа жүргізілуі керек. Кадрларды ауыстыру керек, жаңадан. Ескі жүйе қайтадан бұрынғы оқиғаны жаңартады. Және оны әшкерелеу қиынға түседі, неге десеңіз, ол өте жасырын түрде, бүркемелі түрде өтеді.

 Бүгін әскерге шақырту жасын 19-20 жасқа қысқарту туралы петиция шықты. Қаншалықты дұрыс шешім? Жасты ұлғайтумен қандай мәселелер шешіледі?

− Бұл шара қойылған мақсатқа жетектемейді. Жалпы әскери міндет әр Қазақстан Республикасының міндеті болуы керек, ал мерзімді әскерге шақырулы қызмет болмау қажет.

Қазақстан Қарулы Күші үш сатылық қызметтен тұруы керек. Біріншісі, “Кәсіби қарулы күштер”, екінші, “әскери резерв қызметі”, үшінші,  “Территориалды қорғаныс”, Резерв пен Территориал қорғаныс қызметкерлерін ай сайын екі күнге жаттығуға шақырып, жыл аяғында екі жұма дайындыққа шақырып мерзімге шақырылатын жауынгерлерден дайындығының жоғары дәрежеге жеттіру керек”,- деді ол өз сұхбатында. 

Саясаттарушы Дос Көшім:

“Қоғам қандай болса, сол қоғамның сан түрлі салалары дәл сондай болады. Қоғам дертке ұшыраса, жеке бір саланың сау болуы - мүмкін емес. Сол сияқты, біздің әскери саламыз да осы отыз жыл жылда ешқандай өзгеріске түскен жоқ. Сол кеңістік кезеңдегі басшылар, сол кеңестік кезеңдегі сақталған жауынгерлердің арасындағы ішкі қарым- қатынас. Әлімжеттік, өздерінен төмендегілерді қорлау, бағындыру, т.т. Осы, кеңестік кезеңде қалыптасқан "түрме заңын" өзгертуге талпынған басшыны көрген жоқпын.

Себебі - қоғам да, сол кеңестік замандағы әкімшілік, әміршілдік жүйені толық сақтап келеді.

Қысқасы, өкінішке қарай, бұл - заңдылық.

Мүмкін, қоғам демократияға қадам басқанда ғана әскердегі жағдай өзгеріп, өлім азаятын болар.

237 ешқандай кінәсіз сарбазды жер жастандырған бүгінгі билік әскердегі бассыздықты тоқтатады деп айта алмаймын. Жүйе өзгермейінше осы қаламызда қаламыз.

Әскердегі бассыздық пен жауынгерлердің зорлықпен қаза болуының жасқа ешқандай қатысы жоқ”,- деді ол өз жауабында.

Қорыта келе, орда бұзар отыз жастан асқан Қазақстан қырықта қамал алуы екіталай… Әр сала күннен-күнге бытырап, отыз жылғы қарын шіруде. Әскердегі сарбаз өлімі сарапшылардың пікірінше әлі де жалғаса береді. Өйткені, ел басқарудағы тұтас жүйе - өзгеріс таппады. Амал нешік…

Alash.kz ұлттық порталы қаза тапқан сарбаздардың отбасына қайғыра көңіл айтады. Жандары жай тапсын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар