Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«3 жылда 4 көлік ұттым»: Көшпенділер ойындарының чемпионы Нұрасыл Бекбатыр мәлімдеме жасады

14:50, 09 қыркүйек 2026

Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы Нұрасыл Бекбатыр жеңістен кейін туған үйінде сұхбат берді, деп хабарлайды Alash.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

Дүбірлі додада 25 шақырымдық аламан бәйгеде «Айман» атты тұлпарымен оза шауып, ел қоржынына алтын медаль салған 15 жастағы жас шабандоз туған шаңырағында қуанышымен бөлісті.

Жас спортшының үйіндегі арнайы сұхбатты оның туған әпкесі Гүлнұр Бекбатырова жүргізді. Ол інісінің тек бәйгеде ғана емес, бірінші сыныптан бері күреспен де жүйелі түрде айналысатынын әрі үйіндегі жүлделердің басым бөлігі осы спорт түрінен екенін айтып өтті:

«Бұл менің туған інім. Нұрасыл бізде тек қана шабандоздықпен емес, сонымен қатар күреспен де айналысады. Осындай біршама медальдары бар. Кешегі жеңісің құтты болсын. Чемпион болған қалай екен?», — деді Гүлнұр Бекбатырова.

Ат спортына келгеніне небәрі үш жыл болғанына қарамастан, Нұрасыл осы уақыт аралығында бәйгелерден төрт автокөлік ұтып үлгерген. Бұдан бөлек, жас чемпион жарыстарда иеленген қаржылай жүлделерін де өзіне жұмсамайтынын айтты:

«Атқа шауып жүргеніме үш жыл болды. Осы уақытқа дейін төрт көлік ұттым. Жарыстарда ұтып алған ақшаларымды қорға беріп жатырмын», — деді Нұрасыл.

Алғаш рет атқа қондырып, шабандоздық өнерге баулыған ағасы Айбек болса, ата-анасының ұлына қатысты жоспары мүлде басқа. Ата-анасы Нұрасылдың болашақта электрик маманы болғанын қалайды. Алайда, мектепте қазақ тілі пәнін сүйіп оқитын чемпионның өзі болашақ кәсібін әлі нақты таңдай қоймаған:

«Ата-анам электрик болуымды қалайды. Ал болашақта кім болатынымды әлі ойланамын», — деді чемпион.

Жеңісті күннің арты қуанышқа ұласқанымен, жарыстан кейінгі қолайсыз ауа райы спортшыға сәл әсер еткен. Сұхбат соңында әпкесі інісіне ақ тілегін білдірді:

«Кеше жарыстан кейін қатты жаңбыр жауып, біраз салқын тигізіп алыпты. Сол себепті бүгін көңіл-күйі болмай отыр. Жеңістерің көп болсын. Алда болашағың жарқын болсын. Жеңісіңмен тағы да құттықтаймын!», — деді ол.

Айта кетейік, 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында көрші Қырғыз елінде өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 32 алтын, 20 күміс және 22 қола (жалпы 74 медаль) еншілеп, жалпы есепте көш бастады. Әсіресе, аламан бәйгеде отандық шабандоздар жүлделі үш орынды да ешкімге берген жоқ: Нұрасыл Бекбатыр алтын, Асылжан Төлеген күміс, ал Ерсұлтан Жарқын қола жүлдені иеленді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар