Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«20 жерінен пышақ сұққан…»: 4 баланың анасын азаматтық некедегі күйеуі аяусыздықпен өлтірген

10:20, 09 сәуір 2026

Қарағанды облысының Жәйрем кентінде жантүршігерлік қылмыс орын алып, 42 жастағы Әйгерім есімді келіншек өз үйінде қаза тапты, дер жазады Alash.kz.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, марқұмның азаматтық некедегі жолдасы оған 20 жерден пышақ жарақатын салып, кейін өзіне қол жұмсамақ болған. Төрт баланың анасы болған Әйгерім отбасын жалғыз өзі асырап, кәсіппен айналысқан және мүмкіндігі шектеулі қызына күтім жасап келген.

Марқұмның жақындарының айтуынша, ер адам бұған дейін де әйелге бірнеше рет қол көтеріп, үнемі агрессия көрсетіп келген. Тұрақты жұмысы жоқ жолдасы ішімдікке салынса да, Әйгерім балалары үшін отбасын сақтап қалуға тырысқан. Алайда, соңғы уақытта ол қарым-қатынасты үзуге бел буып, ер адамды бөлек пәтерге көшірген. Қайғылы оқиға келіншек өзінің дүкенінде болған кезде орын алған.

Марқұмның әпкесі Әйгерімнің шыдамдылығы мен аяушылық сезімі туралы былай дейді:

«Ол үнемі: «Тағы бір рет байқап көрейікші» дейтін. Күйеуін аяды, балалары да әкесіне өте жақын болды».

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Жарақат алған күдікті аман қалды, ол алдағы уақытты жасаған қылмысы үшін заң алдында жауап береді. Сонымен қатар, марқұмның туыстары жетім қалған төрт балаға қорғаншылық рәсімдеу мәселесімен айналысып жатыр және істің әділ тергелуін талап етуде. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар