Жетісу облысында 20 жастағы қызды азаптап өлтірген қылмыскерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Жәбірленуші тарап пен прокурор айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған.
Алайда, судья 25 жыл жаза кесті. Өрімдей қызды қасақана өлтірген қаскөй өз кінәсін толық мойындады.
"4 бап бойынша айыпталып отыр. Осы 4 бап бойынша сот үкімі шығарылды. Марипов бұрын сотталған. Бірнеше рет қылмыстың қайталануы бар. Сол себепті оған 25 жылға жаза тағайындалды. Оның алғашқы 5 жылын толық қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады”, – деп мәлімдеді Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бақыт Ермаханов.
Тергеу дерегінше, ішімдік алу үшін дүкенге барған Марипов сол маңда бейтаныс бойжеткенді байқап қалып, оны соңынан аңдып, күшпен алып кеткен. Қараусыз ғимаратқа апарып, ауыр зардаптарға әкеп соққан сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған. Содан кейін қылмысын жасыру үшін қызды таспен ұрып өлтіріп, қашып кеткен екен.
Жәбірленуші тарап үкіммен келіспей, апелляцияға жүгінетінін айтып отыр.
"Сот үкімімен мүлдем келіспеймін. 25 жыл өте аз. Ол қызымды қинап, айуандықпен өлтірген. Паулина өте ақылды, мейірімді, оғаш қылығы жоқ қыз еді. Азғынның кесірінен айрылып қалдым. Апелляцияға беріп үкімді қайта қарауын талап етемін”, – деді марқұмның анасы.
Еске сала кетейік, жантүршігерлік оқиға осыдан бес ай бұрын болған. Із-түссіз жоғалып кеткен Паулина Ткаченконы Балпық би ауылының тұрғындары күні-түні іздеген еді. Тек 2 күннен кейін қыздың мәйіті табылған болатын.