Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

2 млн теңге. Димаштың костюмі қайырымдылыққа кетті

13:58, 08 сәуір 2024 877

Алматы қаласында "DAULETTEN қайырымдылық қоры" ұйымдастырған қайырымдылық кеште Димаш Құдайбергеннің костюмі аукционда 2 000 000 теңгеге сатылды. Бұл туралы "Dauletten" қайырымдылық қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Аталмыш костюмді танымал әнші Алла Пугачеваның Мәскеуде өткен мерейтойына орай ұйымдастырылған "Подарок для Анны" атты шығармашылық кешінде киген. Онда Димаш Игорь Крутойдың "Любовь, похожая на сон" әнін орындады. Костюм дизайнері – Atelier Leka.

Қайырымдылық қоры тарапынан ұйымдастырылған аукционда алғашқы лоттың бағасы 500 000 теңгеден басталды. Аукцион соңында костюм 2 000 000 теңгеге сатылды. Бұл лотты қазақстандық кәсіпкер, қаржылық сауаттылық бойынша ментор Еркебұлан Әріпбай сатып алды.

"Мен бұл костюмді ініме сыйлаймын. Ол 11-сыныпты аяқтайын деп жатыр. Өзі де Димаш Құдайбергенге ұқсайды. Туыстарымыздың бәрі оны Димашқа ұқсатады", - деді ол.

Бұл аталмыш кеште 2 000 000 теңгеге бағаланған ең үлкен лот болды. Сондай-ақ, қайырымдылық кешінде "GGG футболка" 1 000 000 теңгеге, қазақстандық мини-футболист, Қайрат және Қазақстан құрамасының шабуылшысы Серік Жаманқұлов киген футболка 300 000 теңгеге, "Ордабасы" футбол клубының және Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыбергеннің футболкасы 300 000 теңгеге сатылды. Аукционда Мұстафа Өзтүріктің қолы қойылған кітап та болды.

Айта кету керек, "Dauletten қоры" тарапынан ұйымдастырылған бұл кеште жиыны 7 000 000 теңге жиналды. Аукционнан жиналған қаражат қайырымдылыққа жұмсалмақ. Елімізде болып жатқан су тасқыны салдарынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек көрсетіледі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар