Еуропада жалған есіммен жасырынып жүрген қазақстандық Литвадан экстрадицияланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Литва құқық қорғау органдары 17 жыл бойы халықаралық іздеуде болған қазақстандық азаматты ұстап, Қазақстанға экстрадициялады. Ол кісі өлтіру және қаруды заңсыз сақтау ісі бойынша күдікке ілінген. Экстрадиция операциясын Бас прокуратура мен ІІМ, Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен жүргізді.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2008 жылы күдікті сыбайласымен бірге Алматыда жәбірленушіні үйінің ауласында аңдып, бірнеше мәрте оқ атқан. Соңғы оқ жәбірленушінің желкесіне тиген. Қылмыскерлердің бірі сол жылы-ақ қолға түссе, екіншісі шетелге қашып, Еуропада жеке деректерін өзгертіп, өзге атпен жасырынып жүрген.
2025 жылдың тамызында қашқын Литва шекарасын кесіп өту кезінде ұсталды. Қазір ол Қазақстанға жеткізіліп, тергеу изоляторына қамалды.
Күдіктіге 10–20 жыл аралығында бас бостандығынан айыру немесе мүлкін тәркілей отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.