Ақтөбе тұрғыны Нұрхан Қадыров грек түрмесінде екі жылға жуық уақыт отырған 24 жастағы ұлы Рашид Кадировты отанына қайтаруға көмектесуді сұрап, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне өтініш білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Грекияда сот шешімімен отандасымыз 125 жылға бас бостандығынан айырылып, өте үлкен көлемде айыппұл арқалаған.
Азаматтың анасының сөзінше, жігіт әлеуметтік желідегі хабарландыру арқылы Түркияда туристерге моторлы қайық жүргізу жұмысына орналасқан. Іс жүзінде ол ұйымдасқан қылмыстық топтың арбауына түсіп, Грекияға заңсыз мигранттарды тасымалдауға мәжбүр болған. Сол елде құрықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Қадыровтың айтуынша, ұлы бұл заңсыз әрекетті ұйымдастырмаған, қайықтар да оған тиесілі болмаған. Тергеу мен сот барысында оған аудармашы ұсынылмағандықтан, ол мазмұнын түсінбестен құжаттарға қол қоюға мәжбүр болған. Оған жүктелген айыппұл сомасы біздің валютамен есептегенде 1 миллиард теңгеге жуықтайды.
Қазіргі уақытта отбасы онымен сирек байланысқа шығып, азық-түлік пен гигиеналық заттарға ақша аударып тұрады. Бозбала екінші сот отырысын күтіп отыр.
Журналистер бұл оқиға бойынша Сыртқы істер министрлігіне арнайы сауал жолдағанымен, әлі ресми жауап алған жоқ.
Ескерте кететін жайт, бұған дейін Ресей азаматы Андрей Кайзер де ұқсас жағдайда Грекияда ұсталып, 125 жылға сотталғаны туралы ақпарат тараған болатын.