Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті аймақта сел жүру қаупі жоғары кезең басталғанын ресми түрде жариялады, деп мәлімдейді Alash.kz.
Мамандардың болжамынша, таулы аймақтардағы 144 мореналық көл мен 13 өзен бассейні тұрғындар үшін басты қауіп көзі болып отыр. Егер өңірде қатты нөсер жауын жауса немесе жер асты дүмпулері орын алса, тасқын су мен сел ағыны облыстағы 11 елді мекенге зардабын тигізуі мүмкін.
Қазіргі уақытта құтқару қызметі қауіпті деп танылған барлық аумақтарды мұқият тексерістен өткізіп, арнайы сақтандыру белгілерін қойды. Су деңгейі мен гидрологиялық ахуалды бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Мамандар табиғи апаттың алдын алу мақсатында тиісті дайындық жұмыстарын күшейтті.
Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын, әсіресе таулы аймақтарға саяхаттайтын туристерді барынша сақ болуға шақырады. Қауіпті кезеңде тауға жорықтарды шектеп, ресми хабарламаларды бақылап отыру ұсынылады. Бұл шаралар адам шығыны мен материалдық зардаптарды болдырмау үшін қолға алынып отыр.