Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алтынбектер аманат арқалаған күн

09:05, 12 қыркүйек 2022 224


Мемлекетшіл тұлға Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылы саяси қастандықтың құрбаны болмағанда биыл 60 жасқа толар еді. Саясаткердің туған-туыстары, достары, әріптестері ас беріп, құран бағыштады.

Өткен сенбіде Алматы облысының Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылының мектебіне Алтынбек Сәрсенбайұлының атын беруге қатысты шаралар өтті.

А.Сәрсенбайұлы атындағы мектеп.

Фото: Асылхан Әбдірайымұлы

Алматы облысының мәслихаты халықтың бұл ұсынысын қолдап, мемлекетшіл тұлғаның атын мектепке беру туралы шешімді Республикалық ономастикалық комитетке жолдады.

А.Сәрсенбайұлының жары Салтанат Атушева.

Сол күні футболдан, волейболдан аудан көлемінде жарыс өтіп, спортшылар бақ сынасты. Саясаткермен мектепте бірге оқыған жора-жолдастары ас беріп, құран бағыштады. Екі күнге созылған іс-шарада жұртшылық алтын ұлдарының атын ұлықтады.

Шараға Алтынбек ағаларының есімін иеленген алпыстан астам жас жеткіншек арнайы келіпті. Араларында дүниеге енді келген сәби Алтынбектер де бар екен. Тіпті бүлдіршіндердің бірінің аты-жөні Алтынбек Сәрсенбай екеніне куә болдық.

– Алтыкенге қастандық жасалған кезде «әлі жүз Алтынбек, мың Алтынбек өмірге келеді» деп едім. Сол сөзім расқа айналды. Бүгін біз соның куәсі болып отырмыз. Кішкентай Алтынбектер тау тұлғалы ағалары сияқты ұлтын, мемлекетін сүйетін қайраткер болсын, – деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Р.Сәрсенбай.

Кішкентай Алтынбек.





Ал бүгін – Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. 2006 жылы саяси қастандықтың құрбаны болмағанда, 60 жасқа толар еді. А.Сәрсенбайұлының туған-туыстары мен саясаттағы серіктері зират басына барып, құран оқыды.

– Алтынбек Сәрсенбайұлының орны ойсырап тұр. Алтекең мықты идеолог, тамаша стратег еді. Орнын ешкім толтыра алған жоқ. Соның салдарынан оппозиция тарап кетті. Біздің қоғамға бүгін Алтынбектей ірі тұлғалар аса қажет, – деді журналист, саясаткер Ермұрат Бапи.

А.Сәрсенбайұлының мерейтойына қатысты шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар