Жамбыл облысында орын алған қайғылы жол апатынан алты ай өткен соң, аталған дерек бойынша қозғалған қылмыстық іс тергеудің шешуші кезеңіне өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазіргі таңда тараптар іс материалдарымен танысып жатыр. Тергеу амалдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 245-бабы, 4-бөлігіне сәйкес жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, жол-көлік оқиғасы 2025 жылғы 27 шілдеде Алматы-Екатеринбург тасжолында болған еді. Көлікте Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова, оның ұлы және екі құрбысы болған. Toyota Land Cruiser көлігі аударылып, салдарынан екі жолаушы қаза тапты. Заң бойынша, кінәлі деп танылған тұлға 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Бауырымның отбасына алаңдап, хабарласып жатқан жандардың баршасына Алла разы болсын. Ешкім мұндай сынаққа тап болмасын. Ертең не боларын бір Алла біледі. Алла Гүлайымды сақтасын. Ол бірден екі жақынынан айырылып, өзі де жарақат алды», - деп жазды спортшының қарындасы Сора Рахмонова әлеуметтік желідегі парақшасында.
ІІМ мәліметінше, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол ережесін бұзу дерегі бойынша тергеу жан-жақты жүріп жатыр. Кінәлі тарапқа 7 жылға дейін көлік басқару құқығынан айыру жазасы да қолданылуы ықтимал.