Шымкент қаласындағы жекеменшік білім ордасында бірінші сынып оқушысына қатысты орын алған келеңсіз жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға мектеп қабырғасында орын алған. Информатика пәнінен сабақ беретін 36 жастағы ұстаз басқа оқушылардың көзінше 1-сынып оқитын қыз балаға қатысты әбес, жыныстық сипаттағы әрекеттер жасаған. Бұл сәт оқу орнындағы бейнебақылау камераларының жадына толығымен жазылып қалған. Оқиғадан хабардар болған оқушының анасы дереу полицияға арызданып, камерадағы бейнені өз көзімен көріп, мұғалімнің заңсыз әрекетіне көз жеткізген.
Анасының айтуынша, бастан өткен қорқынышты жағдай баланың психологиялық жағдайына кері әсер еткен. Қазіргі таңда оқушы мектепке барудан үзілді-кесілді қорқып, жиі жылайтын болған, сондай-ақ тәбеті нашарлап, күйзеліс салдарынан мамандандырылған психологтың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Дегенмен құқық қорғау органдары күдіктінің әрекетін Қылмыстық кодекстің 121-1-бабы (16 жасқа толмаған балаға сексуалдық сипатта тиісу) бойынша бағалаған. Алайда зардап шеккен баланың анасы бұл сараптамамен келіспейді.
Бұған дейін сот істі қарап шығып, ұстаздың іс-әрекетінде әлдеқайда ауыр қылмыс құрамы болуы мүмкін деген қорытындымен тергеу амалдарын қайта жүргізуге жолдаған еді. Алайда кейіннен апелляциялық сатыдағы сот бұл шешімнің күшін жойып, істі бұрынғы бап бойынша қарауға қайтадан қайтарды.
Қолданыстағы аталмыш заң бабына сәйкес, кінәсі дәлелденсе, мұғалімге тек қоғамдық немесе түзеу жұмыстарын атқару сияқты жеңіл жаза түрлері тағайындалуы ықтимал.