Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ орнына не енгізіледі?

10:49, 06 тамыз 2026
 

Талдау нәтижесі көрсеткендей, бастауыш сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ оқушылардың жетістіктерін толық көрсете алмайды, деп жазады Alash.KZ 

Қазақстанда 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарда (1–4 сыныптар) бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) өткізілмейді. Себебі бұл бағалау түрлері тиімсіз әрі балаларға шамадан тыс оқу жүктемесін түсіреді деп танылған.

kaz.orda.kz жазғандай, олардың орнына оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай диктант, мазмұндама, бақылау жұмыстары, практикалық және шығармашылық жұмыстар енгізіледі.

Сонымен қатар Қазақстанда 700-ден астам қате анықталғаннан кейін мектеп оқулықтарын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. 3 және 7 сыныптарға арналған жаңартылған оқулықтарды жеткізу 2026 жылғы 30 тамызға дейін жоспарланған. Ал 4 және 9 сыныптарға арналған оқулықтар 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін, 8 сыныптарға арналғандары 2027 жылғы 1 сәуірге дейін жаңартылады.

Зерттеу барысында білім беру ұйымдарындағы оқыту тәжірибесі, педагогтердің кәсіби пікірлері, төртінші сынып оқушыларының жетістіктерін бағалау мониторингінің нәтижелері және балалардың жас ерекшеліктері ескерілген.

«Талдау нәтижесі бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ қолдану оқушылардың жетістіктерін толық көрсете бермейтінін, сондай-ақ балаларға қосымша оқу және эмоционалдық салмақ түсіретінін көрсетті. Осыған байланысты 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1–4 сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бағалау тәсілдері мен формаларын қайта қарау туралы шешім қабылданды»,  деді министрлік өкілдері.

БЖБ мен ТЖБ орнына не қолданылады?

Министрлік БЖБ мен ТЖБ орнына қолданылатын бағалау түрлерін атады.

«Білім беру бағдарламасын меңгеру деңгейін бағалау үшін бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін ағымдағы бақылаудың түрлі формалары қолданылады. Олардың қатарында диктант, мазмұндама, бақылау, практикалық және шығармашылық жұмыстар бар» деп жазылған министрлік жауабында.

Ведомствоның пікірінше, мұндай жұмыстар оқушылардың пәндік білім деңгейін, оқу және жазу сауаттылығын объективті бағалауға мүмкіндік береді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар