Алматыда чат-рулетка арқылы танысқан 2010 жылғы кәмелетке толмаған қызды зорлады деп айыпталған екі жігітке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот екі сотталушыны кінәлі деп танып, олардың әрқайсысын 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім кесті. Ресми мәлімет бойынша, оқиға өткен жылдың мамыр айында болған. Пәтерде ішімдік ішіп отырған 18 және 20 жастағы жігіттер таңғы сағат 04:30 шамасында OmeTV платформасында танысқан қызды кездесуге шақырған. Бойжеткен көрсетілген мекенжайға келгеннен кейін, күдіктілер оның телефонын тартып алып, еркінен тыс ұстаған. Жәбірленуші өз сөзінде:
«Маған ата-анаммен және достарыммен байланысуға мүмкіндік бермеді. Мені күшпен ұстап, кезек-кезек зорлады. Мен оларға әлі қыз екенімді айттым», – деп мәлімдеген.
Сондай-ақ бойжеткен бастапқыда жігіттер қолданған «хата» сөзінің мағынасын түсінбегенін және олардың арам ойы бар деп күдіктенбегенін жеткізген.
Алайда сотталғандардың жақындары мен қорғаушы тарап бұл үкіммен мүлдем келіспейді және істе үлкен қайшылықтар бар екенін айтады. Сотталушының ағасының айтуынша, бойжеткен өзін кәмелетке толған деп таныстырып, пәтерге еш қысымсыз, өз еркімен келген. Сонымен қатар адвокаттар оқиғадан кейін жәбірленушінің полицияға шағымданамын деп қорқытып, жігіттерден 1 миллион теңге талап еткенін алға тартып отыр. Қорғаушылар медициналық сараптама қорытындысында қыздың денесінен ешқандай жарақат, көгеру немесе сырылу белгілері табылмағанына назар аударып, тергеудің толық жүргізілмегенін мәлімдеді. Қазіргі таңда сотталғандардың адвокаттары бұл шешімге қарсы кассациялық сотқа жүгінуге ниетті екендерін жеткізді.