Венесулада болған екі жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 900-ден асты. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады, деп жазды Alash.kz.
Ел Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригестің мәліметінше, табиғи апаттан кемінде 920 адам қаза тауып, 3 360 адам жарақат алған. Сонымен қатар 172 адам әлі күнге дейін үйінді астында қалып отыр.
Бұған дейін Венесула президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес 589 адамның қаза тапқанын мәлімдеген болатын. Ал БҰҰ-ның алдын ала бағалауынша, 50 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.
Дәрігерлердің айтуынша, жер сілкінісіне дейін-ақ Венесуладағы денсаулық сақтау жүйесінде дәрі-дәрмек пен медициналық құралдардың тапшылығы байқалған. Билік апат салдарынан елдегі 13 аурухананың зақымданғанын хабарлады.
Ең көп зардап шеккен өңірлердің бірі – Ла-Гуайра штаты. Осыған байланысты Делси Родригес құтқару жұмыстарын үйлестіруді әскерилердің басқаруына беру туралы шешім қабылдады. Қаза тапқандардың басым бөлігі осы өңірдің тұрғындары.
БҰҰ мәліметінше, іздестіру-құтқару жұмыстарына мыңнан астам халықаралық маман, оның ішінде кинологтар мен із кесетін иттер жұмылдырылған. Венесулаға Мексика, Сальвадор және Доминикан Республикасынан құтқарушылар да келген.
БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Том Флетчер гуманитарлық көмектің Венесулаға жеткізіліп жатқанын мәлімдеді.