Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Зекет кімдерге беріледі, кімдерге берілмейді?

09:22, 16 маусым 2024 458

Зекет деген не? Мұсылман қағидасы бойынша зекет кімдерге беріледі, кімдерге берілмейді? Fatua_kz сайты осы сұрақтарға жауап іздеп, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы "Шариғат және пәтуа" бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлынан пікір сұрады, - деп хабарлайды Alash.kz.

Шариғат бойынша зекет - нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылман кісінің алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруі.

Маманның айтуынша, адам зекетті өзінің туғандарына бере алмайды. 

"Адам зекетті өзінің әкесіне, анасына, ата-апасына, баласы мен немерелеріне, әл-ауқатты бай адамдарға, мұсылман емес кісілерге және ерлі-зайыпты бір-біріне беруіне болмайды. Ал туған бауырлары, нағашылары және басқа да туыстарына зекет беруіне рұқсат етілген. Тіпті, керісінше, бұл сауапты, сүйкімді амал болып есептелінеді", - дейді Елбек Тасболатұлы.

Зекет кімдерге беріледі?

Құран кітапта "Тәубе" сүресінің 60-шы аятына сәйкес, зекет:

Бірінші, мұқтаждарға. Мұқтаж дегеніміз бай емес, нисаб мөлшерінде дүние-мүлкі жоқ адамдар;

Екінші, кедейлерге;

Үшінші, зекет жинаушыларға. Яғни зекетті таратуға, жеткізуге тағайындалған кісілер;

Төртінші, жүректері жұмсарған кісілерге. Бұл ислам дінін жаңа қабылдағандарға, дінді енді түсініп жатқан кісілер;

Бесінші, құл азат етуге;

Алтыншы, борышы бар кісілерге. Дүние-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпейтін, қарызы бар адамдар;

Жетінші, алла жолындағы адамдар, дін қызметкерлері;

Сегізінші, жолаушыға. Өз елінде дүние-мүлкі болса да жолда ақшасыз қалып қойған кісілер.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар