Қазақстанда азаматтардың зейнетақы жинағының кірістілігін арттыру және қаржы нарығын дамыту мақсатында жаңа реформа жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды Alash.kz.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің мәлімдеуінше, зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға конкурстық негізде беру жоспарланып отыр. Алайда бұл жүйеде салымшылар компанияны өздері таңдамайды және жинақтарын тікелей аудармайды, іріктеуді Ұлттық банктің өзі жүргізеді.
Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаздар нарығын дамытуға бағытталған ауқымды бағдарлама әзірлеген.
«Бағалы қағаздар нарығы ұзақмерзімді қаражатсыз дами алмайды. Елдегі мұндай қаражат негізінен зейнетақы қорында бар. Сондықтан зейнетақы активтерін басқару қағидалары мен тәсілдерін өзгертпей, бағалы қағаздар нарығын дамыта алмаймыз әрі салымшылар жинағының кірістілігін арттыру қиын болады», – деді Тимур Сүлейменов.
Қазіргі уақытта азаматтар жинағының 50%-на дейінгі бөлігін жеке компанияларға аудара алатынына қарамастан, бұл мүмкіндік кең қолданыс таппаған. Бүгінде жеке басқаруда бар-жоғы 120-130 млрд теңге маңайында қаражат жатыр. Жаңа тетік бойынша қаражат БЖЗҚ-да қала береді, ал Ұлттық банк негізгі басқарушы ретінде портфельдерді конкурс арқылы кәсіби инвестициялық компанияларға береді.
«Біз ең тәжірибелі, қаржылық тұрғыдан орнықты жергілікті басқарушы компанияларды конкурсқа шақырамыз. Олар өз стратегиялары мен мүмкіндіктерін таныстырады. Соның нәтижесінде әр компанияға активтердің белгілі бір көлемін басқару мандаты беріледі», – деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасы.
Жеке компаниялардың жұмысы ұдайы тексеріліп, нәтижесі төмен басқарушылардан активтер қайтарып алынбақ. Мұндай тәсіл бұрыннан Ұлттық қор активтерін басқаруда қолданылып келеді.
«Егер басқарушы жоғары кіріс әкелсе, портфель оның басқаруында қалады. Кірістілік төмен болса, портфельді алып, басқа компанияға береміз. Осындай тәсілді Ұлттық қор активтерін басқаруда қолданып келеміз. Соңғы жылдары бұл модель өзінің тиімділігін көрсетті», – деп атап өтті Сүлейменов.
Бағдарламаны 2026 жылдың соңына дейін бекітіп, заңнамалық өзгерістерді дайындау жоспарланған. Ал жаңа жүйе іс жүзінде 2027 жылдың соңына қарай іске қосылуы мүмкін. Сонымен қатар, Ұлттық банк инфрақұрылымдық жобаларға Ұлттық қордан бағытталатын 5 трлн теңгенің ықтимал инфляциялық әсері де болжамдарға енгізілгенін хабарлады.