Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі туралы арнайы заң әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Астанада Құрылтай депутаты Дана Медеуованың бастамасымен «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі – ұлттық қауіпсіздіктің факторы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында дәрігерлердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын күшейту мәселелері талқыланды.
Басқосу «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасы аясында ұйымдастырылды.
Жиынға Құрылтай депутаттары, Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, вице-министрлер, мемлекеттік органдар, медициналық ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ сарапшылар қатысты.

Талқылауда медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, олардың кәсіби мәртебесі мен беделін арттыру және денсаулық сақтау саласындағы кадрлық әлеуетті дамыту мәселелеріне басымдық берілді.
Дана Медеуованың айтуынша, дәрігердің кәсіби мәртебесі биологиялық және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
— Заң жобасын әзірлеу барысында барлық сындарлы ұсыныс ескерілетін болады. Біз үшін қабылданатын шешімдердің іс жүзінде тиімді жұмыс істеуі маңызды, — деді депутат.
Мемлекеттік органдардың өкілдері депутаттық бастаманы қолдайтынын білдірді. Дөңгелек үстелде айтылған ұсыныстар жинақталып, заң жобасын одан әрі жетілдіру кезінде ескерілмек.