Данияның Сыртқы істер министрі Ларс Лекке Расмуссен Қазақстанды Мәскеумен дипломатиялық байланыстарын пайдаланып, Украинадағы атысты тоқтатуға ықпал етуге шақырды. Бұл туралы ол Қазақстан СІМ басшысы Мұхтар Тілеубердімен келіссөзден кейін айтты, деп жазды Alash.kz.
«Мен Қазақстаннан Мәскеумен дипломатиялық байланыстарын пайдаланып, Украинада атысты тоқтату және бейбітшілікке қол жеткізу жөніндегі келісімдерге ықпал етуді сұрадым», – деді Расмуссен.
Дания СІМ басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген. 2 қазанда ол Мұхтар Тілеубердімен келіссөз өткізіп, тараптар қазақ-дат ынтымақтастығын дамыту мәселелерімен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібін талқылады.
Сапар аясында Ларс Лекке Расмуссенді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қабылдады. Кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестициялық жобалар және екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар Данияның сыртқы істер министрі Қазақстанды алдағы Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтады.