Қазақстан ұрыс аймағында жүрген азаматтарын елге қайтару мәселесі бойынша Ресей тарапымен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді, деп жазды Alash.kz.
Оның айтуынша, ұрыс жүріп жатқан аумақта қалған қазақстандықтардың кейбір отбасылары СІМ-ге көмек сұрап жүгінген.
Қазір Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапымен консультация жүргізіп жатыр. Азаматтардың туыстарынан олардың аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері және еңбек шартының талаптары туралы мәлімет беру сұралды.
2 қазанда Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілімен кездесті.
Сондай-ақ жақын арада Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ресей Сыртқы істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кездеседі. Келіссөздердің нәтижесі туралы қосымша ақпарат берілмек.
Қазақстан СІМ-нің жедел желісі: +7 (7172) 72-05-00, электронды пошта: Dks_ast@mfa.kz.
Қазақстанның Ресейдегі елшілігі: +7 (925) 897-71-14, электронды пошта: consul.moscow@mfa.kz.