«Көздерiнде от ойнар, сөздерiнде жалын бар, жаннан қымбат оларға ар, мен жастарға сенемiн!»,- деп ұрпақ болашағын ойлап, бүгінгі жас буынға үлкен сенім артқан Алаш арыстары жастар мәселесіне қашан да ерекше көңіл бөлген. Ұлт қайраткерлері ел тұтқасын ұстар рухты жастардың өр мінезді, батыл да табанды, арлы да намысты, ғылым-білімге құштар болуын мақсат тұтқан. Alash.kz ұлттық порталы назарларыңызға Алаш қайраткерлерінің жастарға қалдырған ғибратқа толы құнды өсиеттерін ұсынады.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан 1921 жылы «Жас алаш» газетіне жастарға арнап мақала жариялап, жас ұрпақты халыққа адал қызмет етуге үндейді:
«Шыныменен, сендер белсеніп халық үшін қызмет қылсаңдар, сендердің ақ жүректерің Қазақстанда қазақ-қырғыз халқының алдағы тұрмыстарына жарық сәуле еніп, іштеріндегі болып жатқан ішкі, сыртқы талас-тартыстар жоғалып, халық қатарына қосылар деген үміт тұр. Жазға жақын оқудан босап елге шығып бара жатқан жас оқушылар! Ендігі жұмыс: өздерің де елге шығып қарап жүрсеңдер де, жоқ болмаса, ел ішінде болып жатқан жаман әдеттерді топтастырып жазып алып жүрсеңдер де, қандай болып жүрсеңдер де қазақ-қырғыз халқының оқушы жастары да аман-есен болып, күзгі оқуларыңа қайтып, ойлаған талаптарыңа жетулеріңе шын көңілмен тілектеспін. Қадірлі [жастар], жолдарың болсын! Сендердің талаптарың шыққан елдеріңе құтты қонымды болсын!»,- деп Әлихан Бөкейхан Қазақ елінің болашақ тағдырын жастарға аманат етіп, зор үмітпен сеніп тапсырады.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетіне жариялаған «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында:
«Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастау керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халық та - оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқумен түзеледі. Бұл күндегі үлкендердің біздің жаңалық ісімізді жатырқап, жаңалық пікірімізді түсінбей, айтқанымызды тыңдамай, істегінімізге қосылмай отыр. Олар өтіп, кейінгі жастарымыздың да заманы жетер. Жаңалыққа жастар мойнын бұрып қайырылар, халық түзелуінің үміті жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріліп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс. Жаңа жолдың оқуы жаңа оқып шыққан жас мұғалімдердің қолында. Бұлардың күштері тың, білімдері соны, пікірлері жаңа. Ниеті - жұртына қызмет ету. Бұлар білгенін, тапқан-таянғанын жұртынан аяр қалатын емес. Қазақтың бастауыш мектебіндегі жұмысын қолдарына алуға лайық адамдар. Әр жайдан хабардар, дүнияда не істеліп, не қалыпта тұрғанынан бұлардың мағлұматы мол. Қысқасы, қазақ арасына білім нұрын жаюға нағыз қолайлы адамдар», - деп Ахмет Байтұрсынұлы елге пайдалы болуды мақсат тұтқан жаңалыққа жаны құштар жас қабілет иелерін өзектен теппей, қайта қолдау керектігін жеткізеді.
Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы 1921 жылы жариялаған «Жастарға» атты мақаласында:
«Бүгінгі жаңа талап жастар болмаса, бұрынғы оқығандарымыздың көргені жаман, тәрбиесі нашарлықтан көбі қызмет етуді қорлық деп түсініп, өз пайдасын халық пайдасынан жоғары санап, елді жәбірлеуден, жеуден басқаны білмей келеді. Бұларды көрген халық «Аллаңнан ойбайым артық» дейтінді шығарды. Енді ертең елге барғалы отырған жастарымыздың міндеті не? Олардың міндеті: бірінші өздеріне тапсырылған қызметтерін жақсы өтеу болса, басынан жұртқа сүйкімді, жұғымды болып, өздерінің шын ақжүрек, шын жұртшыл, шын еңбекшілер қорғаны - келер күннің үміті, елдің шырағы - нұры болатын жастар екенін таныту; қараңғы, надан бауырларына үгіт-насихат айтып, көзін ашып, көңілін оятып, көмек беріп, елді өздері жәбірлемек түгіл, жәбірлеушілерден қорғап, нашарды, момынды жақтап, ерсі мінездерден сақтанып, шын азамат атағын алуға тырысу. Елге шыққан жастардың арасындағы естиярлары кейінгі інілеріне басшылық етіп, басалқы айтуға борышты. Елге шыққан жастар көргендердің «балаларымыз да осылардай болса» деген ой туғызарлықтай, жұрттың махаббатын өздеріне қарататын болсын. Міне, ендігі жастардың міндеті осы”,- деп жастардың Отан, ел, халық алдындағы қасиетті парызын адал атқарып, перзенттік борышты лайық деңгейде арқалауға үндейді.
Міржақып Дулатұлы өз сөзінде: «Бұл жолдан адасқан жастар адам болмайды, елдің көңілін қалдырады, күдерін үздіреді. Осы бастан адамгершілікке, тазалыққа, дұрыстыққа құмар болмаған жас ұлғайғанда, қартайғанда ешкімді жарылқай алмайды. «Ерте оңбаған кеш оңбас, кеш оңбаған еш оңбастың» кебі келеді де отырады. Соның үшін елге шыққалы отырған жастарға қайырлы сапар тілеп, бұлар жұртқа шын пайдалы қызметкерлер болар деген үмітпен көріскенше қош айтысып, шығарып саламыз. Жасасын, жарық ойлы жас ұлан!»,- деп жас ұрпаққа зор сенім білдіріп, ақ жол тілейді.
Міне, Алаш аңсаған озық ойлы, рухты жастардың келбеті һәм бейнесі осындай болса, еліміздің болашағы жарқын болары сөзсіз. Ертеңгі ел тұтқасын ұстар жастарымыз Ұлт қайраткерлерінің пайымды өсиетіне құлақ асып, өмірлік рухани азық болар ғибрат алып, Алаш арыстары қалдырған аманатқа қиянат жасамайды деп сенім білдіреміз.
Зарина ӘШІРБЕК
Alash.kz ұлттық порталы