Халық әртісі, әнші Нұрғали Нүсіпжанов ғалым, қоғам қайраткері Серікбай Нұрғисаевты 70 жас мерейтойымен құттықтап, желідегі парақшасында ақжарма тілегін арнады, деп жазады Alash.kz.
«Біздің бір-бірімізге деген сый-құрметіміз жан дүниемізде. Бір-бірімізді үнсіз ұға білетін ұрпақпыз. Әрине, Секеңмен арамызда достығымыздан бөлек, ағалығым да бар. Өтпеймін деген өткелден өткізіп, төзбеймін деген дүниеге төздіретін тағдырдың соқтықпалы-соқпағы маған жақсы таныс. Басымa қабат-қабат бұлт төнгенде, от ішінде күйгенімде тырс етіп үндемесем де мені қас-қабағымнан түсінген азаматтығына қарыздармын, қалқам.
Ал мен сенің кішілігің мен кісілігіңнен айналдым, алтын бауырым. Сен мені көлеңкеңмен қорғап жүретін жанашырымсың, жарығым! Өмірдің ыстық-суығында жанымнан табылған жақсы адамым, жақын бауырым Секе-Гүлнұржан, көкелерім тойларың тойға ұлассын! Қос құлындарыңның қызық-қуанышы көп болсын», – деді Нұрғали Нүсіпжанов.