Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ақтауда «Хан Тамада» атымен танылған шоумен 10 тәулікке қамалды

17:58, 02 маусым 2026

Ақтауда «Хан Тamada» лақап атымен танымал шоумен Қасым Өтешев 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп жазады Alash.kz.

Lada.kz хабарлауынша, бұған полицияның қорғау нұсқамасын бұзуы себеп болған. Аталған нұсқамаға сәйкес оған азаматтық жұбайына жақындауға және оны қорлауға тыйым салынған еді.

Ақтау қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты 2026 жылғы 13 мамырда Қасым Өтешевке қатысты 30 тәулік мерзімге қорғау нұсқамасы шығарылғанын анықтады. Аталған нұсқамаға сәйкес оған азаматтық жұбайымен еркінен тыс кездесуге ұмтылуға, телефон соғуға, тұрғылықты жеріне баруға және кез келген байланыс орнатуға тыйым салынған.

Соған қарамастан, 2026 жылғы 21 мамыр күні сағат 17:38-де Ақтау қаласының 15-шағынауданындағы пәтерде Өтешевтің қатысуымен отбасылық жанжал орын алған. Жәбірленушінің айтуынша, азаматтық жұбайы оның құрбысының көзінше ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлап, «ит», «мал» секілді балағат сөздер айтқан. Сот отырысында куәгер бұл жайттарды толық растады. Оқиғаға байланысты полиция инспекторы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 461-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырған.

Сот барысында Қасым Өтешев өз кінәсін мойындамады. Оның сөзінше, жанжалды азаматтық жұбайының өзі бастап, айғай-шу шығарып, полиция шақырумен қорқытқан. Ал өзінің ешқандай заңсыз әрекетке бармағанын мәлімдеді.

Алайда судья А. Елеусинова төрағалық еткен сот оның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, жәбірленушінің арызымен және куәгердің айғақтарымен толық дәлелденген деген қорытындыға келді.

Сот қаулысына сәйкес, әкімшілік қамау мерзімі 2026 жылғы 22 мамырдан бастап есептеледі. Сонымен қатар 21 мамыр кешінен бергі ұсталған уақыт қамау мерзіміне есепке алынған. Қаулы 2026 жылғы 2 маусымда заңды күшіне енді.

Бұл оқиға ерлі-зайыптының төңірегінде бұған дейін туындаған резонансты жағдайдан кейін орын алып отыр. Сәуір айында әлеуметтік желілерде шоумен мен жұбайының қатысуымен түсірілген жеке сипаттағы бейнежазба тарап кеткен болатын. Сол кезде ерлі-зайыптылар бейнефайлдың жабық қолжетімділікте сақталғанын және оның мобилограф арқылы таралуы мүмкін екенін айтып, көпшілікке үндеу жасаған еді. Кейін бейнежазбаны таратуға қатысы бар деген күдікпен жасөспірімнің аты аталып, оның отбасынан миллиондаған теңге көлемінде өтемақы талап етілгені хабарланған. Енді бұл оқиғаға отбасылық жанжалға қатысты сот шешімі де қосылып отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар