Журналист әрі қоғам белсендісі Аян Өрібай Еуроодақтың көші-қон саясатына қатысты алаңдаушылық білдірді, деп жазды Alash.kz.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында Германияның DW агенттігінде жарияланған материалға назар аударып, Еуроодақ аумағында баспана берілмеген мигранттарды одақтан тыс елдердегі арнайы орталықтарға орналастыру мәселесі қарастырылып жатқанын жазды.
Өрібайдың айтуынша, шетелдік ақпарат көздерінде мұндай орталықтар орналасуы мүмкін елдердің қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Руанда және Уганда аталған. Сонымен қатар бастаманы Германия, Аустрия және Дания қолдап отырғаны айтылған.
Қоғам белсендісі бұл мәселеге қатысты Қазақстан тарапының ұстанымы қандай екеніне назар аударып, «Бұлар бізбен ақылдасып отыр ма, өзі?» деген сауал қойды.
Айта кетейік, бірқатар еуропалық басылымдар Еуроодақта баспана алу туралы өтініші қабылданбаған мигранттарды үшінші елдердегі арнайы «қайтару орталықтарына» орналастыру тетігі талқыланып жатқанын хабарлаған. Алайда Қазақстанмен мұндай мәселе бойынша ресми келісім жасалғаны немесе нақты келіссөздердің басталғаны туралы ақпарат жарияланған жоқ.