Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Үздік нәтиже! 200-ден астамы – алтын медаль»: Президент халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарын марапаттады

14:36, 24 тамыз 2026

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болған оқушылармен және студенттермен кездесті, деп хабарлайды Alash.kz.

Мемлекет басшысы: «Қазақстан – нағыз дарынды жастардың елі. Ұл-қыздарымыз барлық бағытта, әсіресе, білім саласында үздіктер қатарынан көрініп келеді»

Мемлекет басшысы салтанатты рәсімде халықаралық пән олимпиадаларында алтын, күміс және қола медаль иеленген оқушылар мен студенттерге сәйкесінше 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай сыйақысы бар сертификаттарды табыстады.

– Биыл оқушыларымыз 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Оның 200-ден астамы – алтын медаль. Мұны тамаша жетістік деуге болады. Осы тұста халықаралық физика олимпиадасында керемет өнер көрсеткен оқушыларды ерекше атап өткім келеді. Беделді бәсекеге қатысқан бес талапкеріміздің бесеуі де алтын медаль алып, жеңімпаз атанды. Бұл – бұрын-соңды болмаған бірегей көрсеткіш. Жалпы, біз барлық бағыттар бойынша осындай үздік нәтижеге ұмтылуымыз керек. Қазақстан жастарының әлеуеті оған толық жетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент қазір еліміз тарихи өрлеу кезеңіне қадам басқанына назар аударды. 

– Біз бір ел, бір халық болып ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Жаңа Конституциямызды қабылдадық. Еліміздің бас құжатында ғылым мен білімге, инновацияға басымдық бердік. Ең бастысы, жаңа Конституция өскелең ұрпақтың игілігі үшін жазылды. Кеше ғана тарихымызда тұңғыш рет Құрылтай сайлауы өтті. Бұл сайлау сәтті, мінсіз ұйымдастырылды деп айтсақ, қате болмас. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүкіл халқымызға азаматтық кемелдік танытып, жаңару стратегиямызды қолдағаны үшін мың да бір алғысымды айтамын. Сайлау кезінде бір топ байқаушылар, соның ішінде халықаралық байқаушылар өте тиімді жұмыс істеді. Оларға да зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне рахметімді айтамын. Олар өте табанды қызмет атқарды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекет тарапынан барша дарынды жастарға әрдайым қолдау көрсетілетінін, жастардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін барынша жағдай жасалатынын жеткізді.

– Әлем тез өзгеріп жатқаны соншалық, таяу келешекте не боларын ешкім тап басып айта алмайды. Бірақ білімге құштарлық, өз күшіңе сену, табанды еңбек кез келген уақытта табысқа жетелейтінін ұмытпауымыз керек. Келешек туралы бір нәрсені сеніммен айтуға болады – түбі адам капиталын дамытуға және жаңа технологияларды экономика мен қоғамның барлық саласына енгізуге баса мән берген елдер озады. Қазақстанның қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Сіздер, талантты жастар осы жасампаз үдерістердің алдыңғы шебінде жүресіздер. Қазақстан жастары Сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Білім мен ғылым, инновация мен озық технология – бүгінгі дәуірдің басты қаруы. Жаһандық бәсекеде білімді, зияткер елдер ғана алға шығады. Сондықтан мен сіздерді «Қазіргі заманның нағыз батырлары» деп санаймын. Мен қазақ жастарының отаншыл, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын. Олар елге жанашыр, табиғатқа қамқор, нағыз адал азамат болуын тілеймін. Атап айтқанда, еріктілердің еңбегін жоғары бағалаймын, қолдаймын. Мен жастарға сенемін! – деді Мемлекет басшысы. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар