Қостанайда өмір сүруге құлшынысы азайған тұрғын жанын қимақ болды. Абырой болғанда, полицей мен студент азаматты аман алып қалған, деп хабарлайды Alash.KZ.
Zakon.kz порталының жазуына қарағанда, Перрон аумағында кезекшілік атқарып жүрген Қостанай станциясындағы желілік полиция бөлімінің патрульдік қызметкері Арсен Әбілмажинов жаяу жүргіншілер көпірінде ер адамның күмән тудыратын әрекетіне назар аударған. Оның көпір қоршауынан асып, өмірімен қоштасуға оқталғаны байқалған. Мұны байқаған тәртіп сақшысы көпірге қарай жүгірген.
Сол сәтте сол маңнан өтіп бара жатқан 18 жастағы Аян Карбаев есімді студент те жағдайды байқады. Полицейдің: "Ұста оны!" деген айғайын ести сала, жас жігіт өз қауіпсіздігін елеместен, батыл қимылмен әлгі азаматты қолынан шап беріп ұстап қалды.
Азамат қатты қарсыласқанына қарамастан, оқиға орнына дереу жеткен полицей бар күшін салып, көпірдің қоршауынан асып тұрған ер адамды қауіпсіз жерге алып шықты. Қатты күйзелісте болған азаматты сабырға шақырған соң, Арсен Әбілмажинов бұл туралы бірден кезекші бөлімге хабар берді.
Жедел түрде жеткен тергеу тобы мен Қостанай станциясының желілік полиция бөлімінің басшылығы жағдайдың мән-жайын анықтады. Тексеру нәтижесінде 29 жастағы қала тұрғынының ауыр психологиялық жағдайда болғаны белгілі болды. Қазіргі таңда оған тиісті психологиялық көмек көрсетілуде, әрі оқиғаның барлық аспектілері жіті тексеріліп жатыр.