Көрнекті кинорежиссер Ардақ Әмірқұлов дүниеден өтті, деп жазады Alash.kz.
Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жеткізіп, марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестеріне, шәкірттеріне және барша киносүйер қауымға қайғыра көңіл айтты.
Ұлттық кино өнерін дамытуға саналы ғұмырын арнаған Ардақ Жамансарыұлы қазақ кинематографиясының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Дарынды режиссер, білікті ұстаз әрі тәлімгер ретінде бірнеше буын киногерлердің қалыптасуына ықпал етті.
Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» және өзге де фильмдері ұлттық кино өнерінің алтын қорынан орын алды. Оның шығармалары ел тарихын, халықтың рухани құндылықтарын және адам тағдырын терең бейнелеуімен ерекшеленіп, көрермен қауым мен кәсіби ортаның жоғары бағасына ие болды.
Ардақ Жамансарыұлының жарқын бейнесі, өнегелі ғұмыры мен қазақ мәдениеті мен кино өнерінің дамуына сіңірген елеулі еңбегі халық жадында мәңгі сақталады.