Астанада әлеуметтік желіге боқтау сөздері бар видео жүктеп, қоғамдық тәртіпті бұзған жергілікті тұрғын бес тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Alash.kz.
Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында заңға қайшы мазмұндағы бейнежазбаны анықтаған. Белгілі болғандай, азамат қоғамдық орында бейәдеп сөздерді қарша жаудырып, бұзақылық әрекетін видеоға түсіріп алған.
Бұдан соң ол бұл видеоны Instagram-дағы жеке парақшасына жариялап, көпшіліктің қарауына жол берді.
Осыған байланысты полиция өкілдері: «Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында құқыққа қайшы мазмұны бар видеожазба анықталды», — деп мәлімдеді.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде бейнежазба авторының жеке басы дереу анықталды. Ол 26 жастағы Астана тұрғыны Балташ Шыңғысхан болып шықты.
Аталған заңбұзушылық бойынша азамат жауапқа тартылып, сот шешімімен оған бес тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы кесілді.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары әлеуметтік желілердегі жазбаларға тұрақты түрде бақылау жүргізілетінін ескертіп, интернет пайдаланушыларды қоғамдық орындарда да, виртуалды кеңістікте де тәртіп пен әдеп нормаларын қатаң сақтауға шақырды.