Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Тарақан қаптаған камера»: Бұрынғы президент түрмедегі жағдайын айтты

10:32, 05 тамыз 2026

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили Facebook парақшасында Рустави қаласындағы түрмеде отырған кездегі жағдайын баяндап,шағымданды, деп хабарлайды ALASH.KZ.

Оның айтуынша, өзі шағын, қараңғы, тарақан қаптаған әрі желдетуі нашар жалғыз адамдық камерада отыр. Сондай-ақ камерада кәдімгі дәретхананың орнына қарапайым санитарлық құрылғы пайдаланылатынын айтып, мұндай жағдайда өзімен бірге барлық саяси тұтқындардың отырғанын мәлімдеді.

Саакашвили 1 қазанда қамауда отырғанына бес жыл толатынын атап өтті. Оның сөзінше, халықаралық құқық нормалары бойынша адамды ұзақ уақыт жалғыз камерада ұстау азаптау мен адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынасқа теңестіріледі.

Бұрынғы президент түрменің Руставидегі цемент зауытының маңында орналасқанын айтып, кәсіпорыннан тарайтын шаңның тыныс алуды қиындататынын жеткізді.

Сондай-ақ ол басқа сотталғандардың басым бөлігінен айырмашылығы, өзіне телефон арқылы сөйлесуге ұзақ уақыт бойы тыйым салынғанын мәлімдеді. Айтуынша, жуырда ғана жұбайы Алисамен аптасына бірнеше минут сөйлесуге рұқсат берілген. Бұдан бөлек, Украина консулымен кездесуге, украиналық басылымдар мен бейнематериалдарды алуға мүмкіндік берілмейтінін, ал адвокаттарына балалары мен немересінің суреттерін әкелуге де тыйым салынғанын айтты.

Саакашвили өзіне әскери тұтқынға жасалатындай қарым-қатынас көрсетіліп жатқанын айтып, мұның бәрі өзін рухани сындыруға бағытталған әрекет екенін мәлімдеді.

Михаил Саакашвили 2004–2013 жылдары екі мерзім қатарынан Грузия президенті болды. Президенттік өкілеттігі аяқталған соң елден кеткен саясаткерге кейін бірнеше қылмыстық іс қозғалып, сырттай бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

2021 жылдың қазан айында ол Украинадан Грузияға жасырын оралғаннан кейін ұсталып, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті деген айып тағылды. 2025 жылдың наурызында осы іс бойынша 4,5 жылға сотталды. Кейін бұл жаза бұрынғы үкімдермен біріктіріліп, жалпы жаза мерзімі 12 жыл 6 ай болып белгіленді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар