Ағымдағы операциялар шоты мен капитал қозғалысындағы ауытқулар теңге бағамына, импорт құнына және соның нәтижесінде республика аумағындағы тұтыну бағаларының динамикасына тікелей әсер етеді. Оның жағдайын Ұлттық банк жіті қадағалайды.
Төлем балансы мен инфляцияның байланысы қандай?
Төлем балансы елге шетел валютасының келуі мен шығуы арасындағы қатынасты көрсетеді. Оның құрылымында басты назар төлем балансының ағымдағы шоты мен капитал қозғалысына бағытталады. Төлем балансының тапшылығы ұлттық валютаның әлсіреуіне әкеледі, бұл импорттық тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына себеп болуы мүмкін. Бұл құбылыс импортталатын инфляция деп аталады.
Мәселен, шетелден әкелінетін шикізат, жабдық немесе азық-түлік бағасының өсуі қазақстандық компаниялардың өндірістік шығындарын арттырады, ал бұл өз кезегінде тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуіне әсер етеді. Қазақстанда тұтынушылық тауарлар мен өндірістік компоненттердің едәуір бөлігі импортталатындықтан, бұл әсер айқын сезіледі.
Валюта бағамы мен сыртқы факторлардың ықпалы
Теңге бағамы төлем балансының жағдайымен тығыз байланысты. Шетел валютасының келуі шектеле бастаған кезде теңге әлсірейді, бұл импортты қымбаттатады. Мысалы,Қазақстанның негізгі экспорттық тауары мұнайдың бағасы төмендеген кезде, елге шетел валютасының түсімі азаяды. Бұл теңге бағамына қысым жасап, инфляцияға да ықпал етеді.
Керісінше, төлем балансының профициті теңгенің нығаюына ықпал етеді және импорттың арзандауына себеп болады, бұл инфляцияның төмендеуіне көмектеседі. Алайда, валютаның шамадан тыс нығаюы отандық өндірушілердің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етуі мүмкін.
Қазақстандағы жағдай
Кейінгі жылдары Қазақстанның төлем балансы тапшылық пен профицит кезеңдерін бастан өткерді. Мысалы, 2023 жылы мұнай мен металл бағасының өсуі нәтижесінде ағымдағы шотының оң сальдосы тіркелді. Бұл теңгенің нығаюына және инфляцияны тежеуге ықпал етті. Дегенмен, геосаяси тұрақсыздық, жаһандық жеткізу тізбектеріндегі кідірістер және Қазақстанның негізгі сауда серіктесі саналатын елдердегі инфляция еліміздегі баға деңгейіне қысымды жалғастырды.
Қандай шаралар қабылданды?
Төлем балансының ауытқуларының инфляцияға әсерін азайту үшін Қазақстан Ұлттық банкі инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізеді. Осы стратегия аясында ол ақша массасын реттеу және инфляцияны мақсатты дәлізде ұстап тұру үшін базалық мөлшерлемені бақылайды. Бұдан бөлек, экономиканы әртараптандыру және импортқа тәуелділікті азайту шаралары жүзеге асырылуда. Бұл елдің сыртқы факторларға тәуелділігін төмендетуге көмектеседі.
Осылайша төлем балансы Қазақстандағы инфляцияның динамикасын анықтайтын негізгі факторлардың бірі болып қала береді. Оны тұрақтандыру және жаһандық нарықтардағы өзгерістерге тәуелділікті төмендету — елдің экономикалық саясатының басты басымдықтарының бірі.
2024 жылдыӊ қаңтар-қыркүйегінің қорытындысы бойынша ағымдағы операциялар шоты дефицит болдып 1,1 млрд долларды құрады. 2023 жылдың тиісті кезеңінде ағымдағы шоттың тапшылығы 6,7 млрд доллар болған еді.