Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлт ұстазы: Жастардың оқу-тəрбие жұмысы түзелмей, жұрт iсi түзелмейдi. Оқу iсiн түзеуге көп нəрсе керек, оның бiзде бұл күнде бiрi де жоқ

23:21, 20 тамыз 2024 516

Таһир Жомартбаев сұрайды: “Əуелi қазақша оқытуға керек кiтаптар даяр ма? Даяр болмаса, ноғайша кiтаптарды аламыз ба? Олардың қайсысы жақсы?” – деп. Екiншi, “Ноғайлардың тəртiптi мектептерiнде тұтынып жүрген программаларын сол күйiнде аламыз ба? Яки қазаққа лайықтап, ыңғайлаймыз ба?” – деп.

Бұл күнде қазақша оқуда кемшiлiк көп. Əуелi, оқу құралы кiтаптар жоқ. Ноғайша оқу құралдары қазаққа үйлеспейдi. Екiншi, қазақ мектебiне түзелген программма жоқ, онсыз оқу бiр жөннен шықпайды. Үшiншi, бала оқыту ғылымынан хабардар мұғалiмдер аз.

Осы үш кемшiлiктiң үшеуi де есiмiзден тастамай, ойлап жүрген нəрселердiң ең басы. Жастардың оқу-тəрбие жұмысы түзелмей, жұрт iсi түзелмейдi. Оқу iсiн түзеуге көп нəрсе керек, оның бiзде бұл күнде бiрi де жоқ. Ай мен күндей, əмбеге бiрдей бiлiм – көп ортасындағы мүлiк, онан сыбаға ала алағандар алып жатыр, ала алмағандар құр қалып жатыр. Құр қалғанын қазақтың өзi де сезiп, баласын оқытуға, бiлiм үйретуге ықылассыз емес, бiрақ жаңадан басталған жұмыс тəртiпке түсе алмай жатыр. “Қос жүре түзелер” деген, түбiнде түзелмей қалмас, түзетуге жұрт азаматы қам қылса. Оқуды керек қыла бастағаны – жұртқа ес кiре бастағаны. Халықтың есi енуi баланың есi енуi сияқты: бiрте-бiрте, ақырындап болмақшы. Аспанда құстай ұшып жүрген, теңiзде балықтай жүзiп жүрген, жылдық жерден сағатта хабар алып, жүз шақырым жерлерден ауызба-ауыз сөйлеп отырған жұрттар сол күйге бiрден емес, бiрте-бiрте жеткен. Барамын деген жерге, бетiң түзу болса, тоқтамасаң, барасың. Жұрт жұмысы да, бетi түзу болса, аз-аздап iлгерi басқызып, оны қозғаушылар болса, көңiлдегi жерiне жетедi. Сол жұрт iсiнiң бiрi – оқу. Оқуды керек қылмай жүрген қазақтар оқу керек нəрсе екенiн бұл күнде бiлмей тұрған жоқ, бiрақ оқудың жөндi болатын мəнiсiн, ретiн бiлмейдi. Көбiне оқытты деген құр аты болса, соған қанағаттанады. Қалай оқытып, не бiлдiрiп жатқанымен жұмысы жоқ. Екi жыл, үш жыл оқып хат танымаса да, баланың ата-анасының ойына кiрiп шықпайды.

Оқу жұмысының үш жағы үш нəрсеге тiреледi; бiрi ақшаға, бiрi құралға, бiрi мұғалiмге. Осы үш тiреуi бiрден тең болса, оқу қисаңдамай, ауытқымай, түзу жүредi. Ол үшеуi тең болмағандағы оқу жұмысы аумалы жүк сияқты, орнықсыз. Жүгi ауған көштiң жүрiсi өнбейдi. Орнықты оқу болмай, қалт-қалт етiп оқытқан оқу бiлiм үйретiп дарытпайды. Жоғарғы айтылған оқу жұмысының үш тiреуi де бiздiң қазақта бұл күнде сай емес. Бiрақ бiрте-бiрте сайлы болып, жөнделер деп үмiт етемiз.

Əуелгi тiреу – ақша, ол жұрттан шықпақ. Қазақ оқу керек екенiн бiле бастады, баласын оқытпайын дейтiн қазақ жоқ. Бiрақ жұрт баласын жұрттық қылып жұрт үстiнен оқытатын дəрежеге қазақ əлi жеткен жоқ. Əркiм өз баласының ғана оқығанын ойлайды. Əр баланың басын қосып құраса, бəрi жұрт баласы болатындығын, ол жұрт баласын оқыту жұрт мiндетi екендiгiн айыратын ес қазаққа əлi кiрген жоқ. Мұны бiлерлiк қазаққа ес кiргенше оқудың ақша жақ тiреуi орнықты болмайды. Екiншi тiреуi – оқуға керек құралдар. Ол құралдардың iшiнде ең қымбаты – оқу кiтаптары. Оқу құралдары сайлы болмаса, оның iшiнде оқу кiтаптары оңды болмаса, оқу да оңды болмайды. Шеберге аспап серiк, мұғалiмге құрал серiк. Аспапсыз шеберлер еш нəрсе iстей алмайды, құралсыз мұғалiмдер бала оқыта алмайды.

Сондықтан қазақта оқу құралы кiтаптар болмаса, ноғай кiтаптарымен оқытпасқа шара жоқ. Қазақ балаларын ноғай кiтаптарымен оқытуда қолайсыздық, кемшiлiк көп, бiрақ амалсыз ол кемшiлiктермен келiсемiз. Ноғай кiтаптарымен оқытқан соң, олардың программаларын алмасқа да болмайды. Программасын қазаққа ыңғайлаумен, қазақша құралдар сай болмаған соң, программа бiр жаққа, оқу екiншi жаққа – екеуi екi жаққа кетедi. Программада керек деген нəрселердiң бiрi болмаса да, көбi оқу құралдарынан табыларға керек. Ноғайдың тəртiптi мектебiндегi программасын ала тұратын болған соң, оқу кiтаптарын да сол тəртiптi мектептерiнен аларға тиiс.

Оқудың үшiншi жағының тiреуi – мұғалiм. Жақсы мұғалiм мектепке жан кiргiзедi, басқа ... кемшiлiгi болса, мұғалiмнiң жақсылығы жабады, бiлiндiрмейдi. Мұғалiм нашар болса, сайлы мектепте отырып сабақ бере алмайды. Мұғалiмдiк оңай нəрсе емес. Тəртiппен жасалған оқу құралдарымен оқытуға тəртiппен оқыта бiлетiн мұғалiм керек. Оны бiлмейтiн мұғалiмдер тəртiппен жасалған оқу құралдарын тəртiпсiз жасалған құралдар орнында тұтынады. Усулды құралдарды бұл сияқты, тұтынса, усулды құрал шығарғанда не мағына бар? Усулды құралдар балаларға оқуды жеңiлту үшiн шығарылады. Оқыту жайын бiлетiн мұғалiмдерге тəртiптi құралдармен оқытқанда өзiне де, балаларға да оқу жұмысы оңай болады, екi жағы да қиналмайды. Оқыта бiлмейтiн мұғалiмдердiң белгiсi осы – “Əй, оқыңдар!” бұлардан балалар бiлiм үйренiп жарымайды. Бұлардан басқа усул жадид мұғалiмдерi бар. Бұлардың өздерi де екi түрлi оқытады: бiреулерi усул мадие, бiреулерi усул сотие жолымен, бұл екеуiнiң жақсысы – усул сотие жолы. Оны бiрақ жақсы бiлетiн мұғалiмдер аз, сондықтан көбi – усул мадиеменен оқытатындар да оқуды екi түрлi бастайды. Бiреулерi төте харiппен бастайды. Бiреулерi дыбыспен жаттықтырғаннан кейiн, балаларға харiп көрсетедi. Бұл екеуiнiң абзалы дыбыспен жаттықтырғаннан соң харiп көрсету, усул сотие тəртiбiнiң негiзi – дыбыспен жаттықтыру. Оны дұрыстап, орнықты етiп iстегеннен кейiн, онан арғы оқу, жазу жұмысының бəрiне сол тiреу болады. Бiрақ қазiргi бiр зор кемшiлiк – мұғалiмдердiң көбi дыбыспен жаттықтыру жөнiн бiлмейдi. Бiлмеген соң, онан қашады. Төтелеп харiптен бастағанын оңай көредi. Онысы дұрыс емес. Рас, дыбыспен жаттықтыруға бiлiм көбiрек керек, ондық оқыту, жазу жұмысына онан келетiн жеңiлдiк көп. Мұғалiмдердiң көбiндегi кемшiлiк – қазақ сөзiндегi дыбысты айыра бiлмейтiндiк. Ол кемшiлiк түзелместей нəрсе емес. Оны жоғалту оңай. Ол жоғалмай тұрғанда, усул сотие жолымен, əсiресе дыбыспен жаттықтырып бала оқыту қиын. Сондықтан мұғалiмдер қазақ тiлiндегi дыбысты жақсы бiлерге керек. Оны өздерi сөздi айыра айыра үйренуге болады. Онымен бiле алмағандарын бiлетiндерден үйрену – ол үшiн көп болса бiрер жетi бөлер.

Сөздiң тұрар жерi мынау: қазақ мектебiнде оқытатын қазақ тiлiнде əлiппелерден басқа қазiр кiтап жоқ. Бiрақ олардың бəрi де болады. Қазақ мектебiнде оқу үш жылдық болуы қолайлы. Сол үш жылға керек кiтаптар шығуына талап етiп жатырған адамдар бар. Олар шыққанша мұғалiмдер де өз тарапындағы кемшiлiк жерлерiн толықтыруға қам қыларға керек. Екiншi, мұғалiм алатын қазақтар жоғарғы айтылған түрiне қарай мұғалiм оларға керек. Өзi тыныш отырып: “Əй, оқыңдар!” деген мұғалiмдерге жоламасқа керек. Олардан балалар еш бiлiм үйренбейдi. Оқырлық шағы зая кетедi. Олардан басқа мұғалiмдердiң арасында таңдау усул сотие, оның iшiнде де дыбыспен жаттықтыра бiлетiн мұғалiмдерге түсерге керек. Усул сотиелiк табылмаса, усул мадиелiктердi алу керек. Жақсы мұғалiм табылғаннан кейiн, мектепке керек құралдардың бəрiн сайлап беру тиiс. Дүкенсiз ұста еш нəрсе iстей алмайды, мұғалiмдер де қандай жақсы болғанмен, құралсыз балаларды оқыта алмайды.

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

"Оқыту жайынан" мақаласынан, 1913 жыл 

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар