Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлт көсемі депутаттарға: Қазақ жерін аралаңыздар, қазақ болмысы-тұрмысымен танысыңыздар!

23:58, 09 тамыз 2024 432

Оқушыларға белгілі 20 июнде Государственни Дума тарқады. Мұсылман фракциясы һәм мұның қасындағы бюро келер уақытта не қылатынды мәжіліске алды. Күз Государственни Дума бірінші ноябірде жиылады. Осы жиылысқа мұсылман туралы не даярлау сөз болды. Біздің қазақ тұрмысын білетін Государственни Думада депутат жоқ. Государственни Думада қазақ үшін сөйлегенде бұл тұрмыс-ғұмырды білмеген зор кемшілік келтіреді. Қуатты дәлелді қуатсыз қылады. Мұны мұсылман депутаттары анық біледі.

Мен мұсылман депутаттарына айттым – сіздердің біріңіз біздің қазақ жерін аралаңыздар, қазақ болмысы-тұрмысымен танысыңыздар. Осы күнгі қымбатшылықта депутаттарға қазақ жерін өз қаражаттарыңмен арала деген оң болмас. Депутат қазақ жерін араласа, шығынын біз қазақ болып орнына салармыз дедім. Бұл шығын бола қалса, ана мұсылман фраксиясының бюросына баратын кісі қаражаты деп, жиналған ақшадан берілер деп едім. Менің бұл пікірім жұрт пікіріне қайшы болмас. Мұнда басқа қазақтың ақша тауып беретін орны жоқ қой.

Біраз қазақ жерін аралауға депутаттар шабан соқты. Сонда да Жағыпаров қолым тисе Каспи суын өтіп, Түркістан аралайын деп олқы-солқы уәде берген болды. Табылса қазақ жерін орыс депутаты араласа да көп пайда болар еді. Бұған да шығынын біздің төлегеніміз оң. Бұл туралы да жұрттан мен бөлінбеспін.

Бірақ, жұрт қай көзбен қарар деп, мен орыс депутатына біздің қазақ даласын арала деп айтқаным жоқ. Алдыңғы бір хатта жазылған еді, мұсылман фраксиясы мұжық байлауын шешу закон жобасы қаралғанда біз Государственни Думаға бұратана шешуі закон жобасын кіргіземіз дегені. Осы закон жобасын мұсылман депутаттары, мұның бюросының кісілері мүшелеп бөліп алысты. Қазақ байлауын шешу закон жобасы маған қалды, Кавказдікі Ахметбекке қалды, Сібір татарын Шәкір алды, Түркістан сартын Садыр алды, Қырым ноғайын Смағұл алды. Он жылдан бері белгілі Ақмола, Семей, Орынбор муфтилігіне кірмек.

1912-нші жылғы мұсылман сиезінде бұл екі облыс пікіріне Орал, Торғай қосылған. Осы съезде Түркістан өз алдына муфтилік алмақ болған. Ана төрт облыс тілегі осы күз закон жобасы болып, Государственни Думаға кіргені жөн дестік. Мұны мен жазбақ болдым. Бөкейлік – Ішкі Ордалық жері қандай күйге түсіп тұрғаны оқушыларға белгілі. Бөкейлік жері біздің өзге қазақ жеріндей емес. Өзге қазақ жерін өзі қайрат қып алған. Жұрт патшаға қарағанда жерімен қараған. Қазақ жері патша жері дегенмен (120-сыншы ыстатия Степное положение, 270-інші ыстатия Түркістан положениесі), қазақтан «артылған» жерді қазына алады деген. Мұжыққа жер алғанда «артық» деп алып отыр. Қазақ жұрты бұған дауласу керек. Маған беретін жерді, сыбағаны бер де «артығын» ал деп. Осы «артықты» оңайладым деп, қазаққа «өзің сұранып» 15-ті ал деп отыр. Біз осы өлі баспақты бұзау деп, өзіміз сұранып отырмыз. Бұл біздің соқырлығымыз.

Бөкейлік жері қазына жері, қазаққа уақытша берілген, келер уақыттағы жарлыққа шейін. Келер уақыт жарлығы деп бөкейлік жерін Орал атты казагына берген, келер уақыт жарлығы деп, ағаш егуге алған, енді құм бекітем деп алғалы отыр. Тағы Астрахан атты қазағына жер алып бермек. Бүйте берсе, бөкейлікте түк жер қалатын емес, жерді ала берсе, бұл жазуды законға шек емес. Қазына жаңа жарлықпен өз жерін алады.

Бірақ бұл жерде бөкейлік жылдан аса жыл отыр. Неше ата кір жуып, кіндік кескен. Мемлекет болмысында қашан болса, бұл сияқты жер еншісіз, мемлекетінен жер алмай қалған емес. Енді ұйықтап жатпай жұрт болып, 335 мың жан, бізге жар енші белгілеп бөліп, кәсіп бер деп сұранған оң.

Бас министрге бөкейліктен Петроград барған Ғұмар Қарашұлы белгілі қазақ ақыны, қағаз берді, Астрахан атты қазағына алатын жерді, бізге қазаққа тиісті жер еншісі, бөліп беріп ал деп. Бұл Ғұмар тілегі аз бөкейлік бір бөлімі тілегі. Бөкейліктің бәрі қылатыны осы. Қазақ жұрт болып мұны қылғанда мұсылман фракциясы, мұның бюросы бөкейлікке жер берілетін закон жобасы Государственни Думаға кірсін десті. Мұны тірі болсам мен жазам. Біз ананы жазамыз, мынаны жаздық десек, біздің қараңғы жұрт мұны іс болды қылып ұғынады. Бұл адасқандық! Закон жобасы жазылғанмен Государственни Думаға кірер-кірмесі келер уақыттағы саясат ауасына байлаулы. Закон жобасы Государственни Думаға кіргенмен неше толғақпен, неше кедергіден өтіп, законге айналады.

Государственни Думада көп жақтың аты бәйге алады. Біз көпте де жоқпыз, атымыз жүйрік те емес, мұны қазақ ұмытпасын! Жақсылыққа оңайлықпен қол жететін көрінбейді.

Бөкейлік қазағы бұ закон жобасы туралы өздерінің тұрмыс-болмыс жайын маған ашына қылғаны оң болар еді. Мен бөкейлік қазағын, қалай тұратынын білмеймін. Менің бұл туралы білімім кітап сөзі. Кітап арқылы білген жұрт тұрмысы шала болады.

Мұны бөкейлік көзі ашық бауырыма жаздым.

Ғали хан.

«Қазақ» газеті, № 191, 1916 жыл, 30-ыншы июл.

Петроград қаласы.

Дереккөз: Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937).

Шығармаларының 9 томдық толық жинағы.VI том.– Астана, 2013

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар