Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Үлкен жетістік! Тамаша нәтижемен құттықтаймын»: Асхат Аймағамбетов қуанышты жаңалығын бөлісті

17:30, 07 қазан 2026

Назарбаев Университеті алғаш рет әлемнің үздік 400 университетінің қатарына кірді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Alash.kz.

Депутаттың айтуынша, университет Times Higher Education (THE) әлемдік рейтингінің 2027 жылғы шығарылымында 376–400-орындар тобына енген.

Назарбаев Университеті 2025 жылы 401–500-орындар тобында болса, одан бір жыл бұрын 501–600-орындар қатарында болған. Асхат Аймағамбетов бұл нәтижені жас университет үшін үлкен жетістік деп бағалады.

«Назарбаев Университеті әлемдік үздік университеттердің топ-400 қатарына кірді! Баршаңызды осы тамаша нәтижемен құттықтаймын!

Times Higher Education әлемдік рейтингінің 2027 жылғы шығарылымында университет 376-400 орындар тобына енді!

Ол 2025 жылы 401-500, одан бір жыл бұрын 501-600 орындар тобында болған еді.

Жас университет үшін бұл - өте үлкен жетістік.

Университет рейтингтерінің әдістемелері әртүрлі. Біздің жоғары оқу орындарына жақсы таныс QS рейтингінде академиялық қауымдастық пен жұмыс берушілердің пікіріне үлкен мән беріледі.

Ал THE рейтингінде қорытынды бағаның басым бөлігін зерттеу ортасы мен ғылыми зерттеулердің сапасы құрайды. NU әсіресе зерттеу сапасы бойынша жоғары нәтиже көрсетті: 100 балдың 84,1-ін жинаған.

Бұл жетістікке оқытушылар мен зерттеушілердің көп жылғы еңбегі, университеттің жаңа басшылығы мен бүкіл ұжымының жұмысы негіз болды.

NU моделінің өзі де маңызды рөл атқарды деп санаймын. Нақты дербестік, ұзақ мерзімді инвестициялар, ел басшылығының қолдауы, мықты мамандарды тарту және халықаралық әріптестік орнату мүмкіндігі осындай нәтижеге жетуге жағдай жасады.

Қазақстан үшін мұндай университеттің маңызы әлемдік рейтингтегі орнымен ғана шектелмейді.

Мұндай университеттердің болуы талантты жастарымызға өз елімізде білім алып, ғылыммен айналысуға жол ашады. Олар мықты ғалымдармен бірге жұмыс істеп, халықаралық жобаларға қатыса алады. Өз зерттеу топтарын құрып, заманауи зертханаларда жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

Әріптестерімді құттықтаймын!», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар