Британдық The World Financial Review іскерлік басылымы Қазақстанның шикізаттық сектордан тыс инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтіп, посткеңестік модельден Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға айналғанын жазды, деп хабарлайды Alash.kz.
Басылым сарапшылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру бағытын негізгі басымдық ретінде айқындағанын атап өтеді. Атқарылған реформалардың арқасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың доллардан асып, соңғы жеті жылда 52,9%-ға артқан. Ал 2019–2025 жылдары елге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 155,8 млрд долларға жеткен.
Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Азия даму банкі Қазақстан ЖІӨ-нің өсімі жақын жылдары 4,5–5% деңгейінде сақталады деп болжайды. Халықаралық S&P Global Ratings агенттігі елдің кредиттік рейтингін BBB деңгейіне дейін көтеріп, «тұрақты» деп бағаласа, Fitch Ratings агенттігі де инвестициялық деңгейді растаған.
Қазіргі таңда өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласынан асып түсті. Жеті жыл ішінде 625 жаңа өндіріс ошағы ашылып, 62 мың жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар автопром саласында 800 мыңға жуық көлік құрастырылып, Kia Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan сияқты ірі жобалар іске қосылды. Ауыл шаруашылығының өнімі 9,8 трлн теңгеге жетсе, шағын және орта бизнестегі жұмыспен қамтылғандар саны 4,5 млн адамды құрады.
Сондай-ақ еліміз Еуразияның маңызды транзиттік хабына айналып келеді. Кейінгі жеті жылда 36 300 шақырым автомобиль және 5 000 шақырым теміржол желісі жөнделіп, салынды. Нәтижесінде 2025 жылы сыртқы сауда айналымы 170 млрд доллардан асты. Цифрландыру саласында мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн форматқа өтіп, Қазақстан BMT Global Innovation Index 2025 рейтингінде үкіметтің онлайн-қызметтері бойынша 10-орынға көтерілді. Бұдан бөлек, сыртқы борыштың ЖІӨ-ге қатынасы 83,1%-дан 59,4%-ға дейін төмендегені байқалады.