Ақтауда екі аптадан астам уақыт бойы ауыр уланудан кейін өмірі үшін күрескен 9 жасар бала реанимацияда қайтыс болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға қыркүйек айының ортасында орын алған. Отбасылық басқосуда үйде суықтай қақталған балықты жегеннен кейін бір отбасының төрт мүшесінде ауыр ботулизм белгілері пайда болып, олар бірден реанимацияға түскен. Нақастар жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, оларға ботулизмге қарсы сарысу енгізілген болатын.
Пациенттердің ішінде жағдайы ең ауыр болған 9 жасар бала ес-түссіз жатты. Жағдайы жақсармаған соң, жақындары елордалық мамандардан көмек сұрап, ашық үндеу жолдаған еді. Осыдан кейін Ақтауға арнайы реаниматолог, инфекционист және невролог жіберілгенімен, баланы аман алып қалу мүмкін болмады.
Марқұм баланың уланғандар арасында болған әкесінің жағдайы қазіргі таңда тұрақты, ал қалған екі ересек адам емдеуді одан әрі жалғастыруда. Бала өлімінің тікелей себебі ретте әлі ресми түрде жарияланған жоқ, алайда туғандары қайғылы жағдайды үйде қақталған балықтан уланумен байланыстырады.