Шымкентте қаңтар айында жол апаты мен жанжалдан соң 40 жастағы жергілікті тұрғын Василий Колесниковты күштеп алып кетіп, ажалға бұйырған оқиға бойынша сот процесі соңғы кезеңге таяды, деп хабарлайды Alash.kz.
Соттағы жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы Мұхтар Арыстанов алты айыпталушыға қатысты қатаң жаза қолдануды талап етті:
«Сотталушыларға қойылған айыптарды толық қолдауды қажет деп санаймын. Жәбірленуші Қошқынбаевтың моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, 10 миллион теңге өндіруді сұраймын. Сот үкім шығарғанда барлық баяндалған мән-жайларды ескеріп, әділ шешім қабылдайды деп сенемін».
Прокурор сотталушыларды алдын ала сөз байласу, кісі өлтіру, оған оқталу, адам ұрлау және бұзақылық баптары бойынша кінәлі деп танып, оларға 22 жылдан 24 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады. Бұдан бөлек, қақтығыс кезінде ауыр дене жарақатын алған жәбірленуші Қошқынбаевтың пайдасына 10 миллион теңге моральдық өтемақы өндіру де талап етілді. Айта кетейік, бұл қылмыстық іс бойынша тағы бір күдіктіге қатысты іздеу жарияланған.
Сотталушылар тарапы мен олардың адвокаттары кісі өлімі мен адам өміріне қастандық жасау айыптауларын үзілді-кесілді жоққа шығарып, өздерін ақтауды өтінуде. Олардың пайымдауынша, істе тікелей айғақтар жоқ және ол тек болжамдарға негізделген. Еске салсақ, бұл қанды оқиға екі көліктің соқтығысуынан туындаған, кейіннен үшінші көліктің қатысуымен жаппай төбелеске ұласып, салдарынан бір азамат көптеген пышақ жарақатын алып, Колесниковты қала сыртына алып кетіп, сүйегі кейін табылған болатын.