Владимир Зеленский АҚШ ұсынған соғысты тоқтату жөніндегі бейбіт жоспарға қатысты Украина халқына 10 минуттық үндеу жасады. Ол елдің ауыр кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтты, деп жазады Alash.KZ.
Зеленскийдің үндеуі оның барлық әлеуметтік желілерінде жарияланды. Президент украин тілінде сөйлеген, ал ресми БАҚ оның сөздерін орысшаға аударған. РБК-ның мәліметінше, Зеленский келесі апта Украина үшін «оңай болмайды» деп айтты.
"Қазір Украина өте күрделі таңдау алдында тұр: не қадір-қасиеттен айырылу, не басты әріптесінен айырылып қалу қаупі, не күрделі 28 тармақ, не ең ауыр қыс және одан кейінгі қауіптер", – деп келтіреді басылым Зеленскийдің сөзін.
Ол сонымен бірге Украина «дау-дамай туғызатын мәлімдемелер жасамай», Америка және барлық серіктестерімен «байыппен жұмысын жалғастыратынын» айтты.
"Мен жоспардың барлық тармақтары арасында, кем дегенде, екі тармақ қалып қоймауы үшін күресемін. Ол – украиндардың қадір-қасиеті мен еркіндігі. Өйткені бәрі осыған негізделген: біздің егемендігіміз, тәуелсіздігіміз, жеріміз, халқымыз және Украина болашағы", – деді ол.
Telegram-дағы «Осторожно, новости!» арнасының хабарлауынша, Зеленский "қазір тарихтағы ең қиын сәттердің бірі" деп атады.
"2019 жылы мен Украина президенті қызметіне ант бердім. Елдің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғауға, азаматтардың құқықтарын қорғауға, Конституцияны ұстануға бар күшімді саламын деп ант бердім. Бұл жай формалдылық емес, нақты ант болды.
Біз ұлттық мүддені сатпаймыз, әріптесімізбен конструктивті шешімдер іздейміз. Бізді қанағаттандырмайтын тармақтар бойынша өз нұсқаларымызды ұсынатын боламыз. Ресейге біздің бейбітшілікті қаламайтынымызды айтуына жол бермейміз", – деді Зеленский.
Оның айтуынша, келесі апта өте қиын әрі оқиғаларға толы болады.
"Барлық саясаткерлерді, барлық күштерді сабырға шақырамын: өздеріне келіп, ұрыс-керісті, саяси ойындарды тоқтатыңдар. Барлығы Украинаның жауы кім екенін есте сақтауы тиіс. Мемлекет жұмыс істеуі керек, соғысып жатқан елдің парламенті бірге жұмыс істеуі керек, үкімет тиімді болуы тиіс.
Мен жоспардың барлық тармақтары арасында, кем дегенде, екі тармақ – украиндардың қадір-қасиеті мен еркіндігі – қалып қоймауы үшін күресемін. Өйткені бәрі осыған негізделген", – деді Зеленский.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев та АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинадағы жағдайды реттеу бағытындағы күш-жігерін және оның ұсынған жоспарын қолдағанын мәлімдеді.
Бұған дейін Украина депутаты Алексей Гончаренко Трамптың Украина жөніндегі 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспарын жариялаған болатын. Алайда Politico дерегінше, еуропалық және украин шенеуніктері бұл жоспарды қабылдамаған. Олар Ресейге берілетін кез келген жеңілдіктер Владимир Путинді одан да агрессивті әрекетке итермелейді деп есептейді.