Украинаның Каменское қаласында орналасқан Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған барельефті алып тастау мәселесі өз шешімін тапты. Бұл туралы Украинадағы Ұлттық жады институты мәлімдеді, деп жазды Alash.kz.
Мекеме басшысы Александр Алфёровтың айтуынша, аталған ескерткішті бұзуға құқықтық негіз жоқ. Себебі барельефте тыйым салынған символика жоқ және ол декоммунизация немесе “ресейлік империялық саясатқа” қарсы заң талаптарына жатпайды.
Институттың қорытындысында бұл нысан украин және қазақ халықтары арасындағы мәдени байланыс пен достықты білдіретіні атап өтілген.
Айта кетейік, барельеф Каменское қаласындағы оқу орнының ғимаратына орнатылған. Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқу орнында 1958–1960 жылдары білім алған. Ескерткіш 2005 жылы қойылған.
Бұған дейін ескерткішті алып тастау бастамасын қазақстандық белсенді Тұрарбек Құсайынов көтерген болатын. Ол Назарбаевтың кеңестік кезеңдегі қызметі мен кейінгі саяси байланыстарына қатысты уәждер келтірген.
Соған қарамастан, украин тарапы ескерткішті сақтау туралы шешім қабылдады.