Кім қалай ойлайды білмеймін, мен үшін қаңтардағы қырғын - Ұлт-азаттық көтеріліс.
Ұлт-азаттық көтеріліс деуіміздің бірінші себебі - қарсылықтың бүкіл Қазақстан аумағын шарпуы.
Екінші себеп, бүкіл митингішінің "шал кет" деп ұрандауы.
Үшінші себеп, Назарбаев ескерткішінің құлатылуы, Назарбаевтің атына берілген көшелердегі тақтайшалардың қиратылуы.
Көтеріліс бастапқыда бейбіт шеру сипатында басталды. Билік оны бейбіт жолмен тоқтатуға құлықсыз болды. Алматыға бірден қаруын сақылдатып әскерилерді әкеп қойды. Шерушілердің арыз-арманын тыңдамай, шулы-гранаталарын жарып, жиынды күшпен таратпақ болды.
30 жыл ұры-қарының құрбаны болған қара халықты бұл жайт ашуландыры. Сосын қарулы әскерге жалаңқол шапты. Бұл төртінен бесіне қараған түн еді.
Бесінен алтысына қараған түнде Алматығы билік тұтастай "құлап қалды". Көшеде қарулы күштер, тәртіп сақшылары сияқты құзырлы органның қызметкерлерінен мүлдем ешкім болмады (кей нысандарды қорғағандары болмаса). Олардың орнына "ұры-қары, арандатушы, тонаушылар" жіберілді.
Бейбіт шерушілер енді сол "ұры-қарылармен" бетпе-бет қалды. Бұл күн "нөмірсіз көліктер" ойына келгенін жасады. "Адамның басын кесіп алыпты, қыз зорлапты" деген шулы әңгімелердің бәрі осы күнге тиесілі.
Мен ағамның қызын жұмысынан әкету үшін сол күні қалаға кірдім.
Екі рет көше-жапқан жігіттердің қоршауында қалдым. Оларға қызымды іздеп жүргенімді айтып, өткізіп жіберулерін өтіндім. Сонда байқағаным, әлгі адамдардың дені көше жігіттері емес. Оқымаған қара халық деуге де келмейді. Түрлері беттерінде бір әжім жоқ "кабинеттегі қызметкерлердей" көрінді.
Менің ішімде әрине, күмән бар. Ауылдың жігіттерін көріп, сөйлесіп жүрміз. Оларға өтініш те жасағанбыз. Сонда олардың ауылға тән аңғалдығын, не сөз болсын шолақ қайыратынын, мұндай сындарлы сәтте эмоциясын жасыра алмайтынын жақсы білемін. Ал, арнайы органның адамдарының қашан да көзқарастары суық болады. Әлдебір жетістікке жеткенін сол суық көзқараспен білдіріп тұрады. Жүрегін қозғарлық сөз айтсаң да, түк болмағандай былқ етпейді.
Мен көше-жапқыштардың "басшыларынан" эмоция көрмедім (өтініш айттым ғой). Бәлкім, ҰҚК қызметкерлері, бәлкім арнайы дайындықтан өткен адамдар...
Осылай "қаланы қирату арқылы билікті сақтап қалу" операциясы сәтті жүргендей көрінеді. Ол операцияның соңы "адам қырғынымен" аяқталды.
Алтысы күні кешкісін Тоқаевтің "террористер" деген үндеуіне қарсылық білдіріп, "біз террорист емеспіз" деген ұран көтеріп шыққан қыз-жігіттер қырылды.
Жетісі күні көлігімен кетіп бара жатқан, дүкен іздеген бейбіт тұрғындар, сәбилер, т.б оққа ұшты.
Билік қазір бар жауапкершілікті қара халықтың мойнына артып отыр. Олар халықтың "шал кет" атты нақты талабы болғанын мойындаған жоқ. Тым құрыса, ажал құшқан сәбилердің әруағының алдында басын имеді.
Тоқаевта отыз жыл қазақтың басына әңгіртаяқ ойнатқан жүйені түп-тамырымен жою мүмкіндігі бар еді. Ол мүмкіндікті уысынан шығарып алды.
Ерте ме, кеш пе, бұл күндер қазақ тарихына қанды сиямен жазылатын болады. Қазір көкала қойдай ұрып-соғылып, таяқ жеген жастарымыз батырға айналады.
Бірақ, деймін де, мұның бәрін дәл уағында айта алмасақ, сөйтіп халықтың бір жағына демеу бола алмасақ, болашақ ұрпақ біздің бетімізге түкірмей ме?
Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай, қым-қиғаш қорқынышты түстер көрген бір ай өтті. Бұл біз үшін өзімізбен өзіміз ғана қалып, жынды адамша жылайтын ай болды.
Биліктегілердің босамайтын мықтылығына, осы жердегі көпшіліктің күнбағыстай "жалаң ұраншылдығына" таң қалумен күндер өтіп жатыр.
Қанат Әбілқайыр