Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Үйімізге нөмірі жоқ көлікпен келгендер кіріп шықты". Шерзаттың әпкесі ресми органдардың өз жұмысын дұрыс атқармағанын айтты

14:05, 12 қазан 2024 1786

Талғар ауданы, Азат ауылында өртке оранған марқұм Шерзат Болаттың үйі қасақана өртелгені хабарланды.  Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Перизат Нұрымова болған жағдайды баяндап, ұлының қазасына қабырғасы сөгіліп отырған әкеның мұндай екінші соққыдан есеңгіреп қалғаны айтылды. сонымен қатар, ресми органдар өз жұмысын дұрыс атқармады деп есептейтінін жеткізді. Бұл жайлы Alash.kz ұлттық порталы жазды. 

Ulysmedia.kz журналистері марқұмның туған-туыстарымен тілдескен. Олардың айтуынша,  өрт шамамен түнгі 00.30 уақытында болған. Үйде ешкім болмаған. Себебі Шерзат ата-әжесінің қолында өскендіктен, бұл жағдай егде кісілерге қатты ауыр тигендіктен, марқұмның туған-туыстары қара шаңырақта болған. Үйдегі мал аман, тек итті күйік шалған.

Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы “Қаржаубайдың өзі бірдеңе дейтіндей жағдайда емес” деп жеткізді. Сонымен қатар, үйдің өртенуін алдыңғы болған жағдайлармен байланыстыратынын айтты:

– Соңғы үш күнде Шерзаттың сыныптастары “көшелеріңізде нөмірі жоқ көліктер жүр” деді. Өрт болмай бір күн бұрын көршілер “сіздің үйлеріңізге нөмірі жоқ көлікпен келгендер кіріп шықты, біз шулап, бәріміз жарықты жақтық, айғайлап едік, тоқтамастан қашып кетті” деп хабар берді. Мектеп балаларының бәрі де бір ауылдан болған соң кімнің қандай көлікті айдайтынын білеміз деп отыр. Балалар “ішіндегі адамдар да бейтаныс, амандасайық деп қасына барып едік, терезені жауып алып, тоқтамай өтіп кетті” деді. Соңғы үш күнде “көліктер жүр” дегенді естідік. ІІМ-ге барып, келгеннен бері осылай болып жатыр, – дейді ол.

Сонымен қатар, Перизат Нұрымова ресми органдар өз жұмысын дұрыс атқармады деп есептейтінін жеткізді. Қайғылы оқиғадан кейін Шерзаттың әкесі ауылдың маңына күзет қоюды, ауылға кім келіп, кім кетіп жатқанын бақылауды өтінген. Бірақ полиция қызметкерлері оны ескермеген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?