Оңтүстік Калифорнияда болған өрт салдарынан 24 адам қаза тауып, оннан астам адам із-түзсіз жоғалған. Бұл туралы Alash.kz сайты хабарлайды.
Лос-Анджелес округінің медициналық сараптама департаментінің соңғы дерегіне сәйкес, 16 адам Итон-Каньондағы өрттен, ал 8 адам Палисейдс аймағындағы өрттен қайтыс болған.
Қаза тапқандар саны әлі де өсуі мүмкін деген болжам бар.
Өрт сөндірушілер алапат өрттің салдарын тоқтатуға бар күшін салуда. Лос-Анджелес округіндегі тығыз қоныстанған аудандарда мыңдаған құтқарушы жұмылдырылған.
Ең үлкен өрт Палисейдс аймағында болған, онда мыңдаған ғимарат жойылып, өрт тек 11 пайызға ғана ауыздықталған. Ал Итон-Каньондағы өрт 27 пайызға бақылауға алынған.
Бұған дейін 16 адамның қаза тапқаны туралы хабарланған болатын. Бірақ жағдай күрт нашарлап, қайтыс болғандар саны артты. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, алайда өрттің әлі де үлкен қауіп төндіріп тұрғаны айтылуда.