Вашингтон Тегеранның алға қойған талаптар тізімін орындамайынша, Иран тарапы АҚШ-пен қандай да бір дипломатиялық диалог пен келіссөздерді қайта бастауға ниетті емес, деп хабарлайды Alash.kz.
Екі ел арасындағы шиеленісті реттеу үшін Иран америкалық тарапқа жеті тармақтан тұратын арнайы талаптар тізімін жолдаған. Мемлекеттік телеарна эфирінде сөз сөйлеген Иран Ислам Республикасы Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Мохсен Резаи бұл шарттардың бұрын қабылданған Исламабад меморандумынан мүлде өзгеше екенін ескертті. Сондай-ақ ол өз сөзінде Тегеранның берік ұстанымын кесіп айтты:
«АҚШ Иранның талаптарын орындамайынша, ешқандай келіссөз болмайды», — деді Мохсен Резаи.
Бұған қоса, Иран билігі АҚШ-ты туындаған әскери қақтығыстар үшін халықаралық жауапкершілікке тартуды көздеп отыр. Хатшының айтуынша, егер Тегеран бұл әрекеттерді жауапсыз қалдырса, бұл өзге мемлекеттерге де қарулы соққы жасауға жол ашатын жағымсыз прецедентке айналуы мүмкін.
Еске сала кетейік, қос мемлекет арасындағы әскери текетірес 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иран аумағындағы нысандарды соққылауынан басталған еді. Өз кезегінде Тегеран қарымта шабуылдар жасап, маусым айының ортасында тараптар әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы меморандумға қол қойған болатын. Алайда кейіннен әскери қақтығыстар қайта жанданып, қазіргі таңда мемлекеттер арасындағы ахуал әлі де реттелмей отыр.