Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Төрт жасар бала террорист пе?

07:05, 01 маусым 2022 253
[ad_1]



1 маусымда Алматы қаласы прокуратурасының алдына Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың туыстары жиналып, жақындарына оқ атқандарды жазаға тартуды, оқиғаны әділ тергеуді талап етті.

- Менің үш ұлым әкесіз қалды. Кеше ғана ұлым "президент менің әкемді не үшін өлтірді? ол не істеп қойды?" деп сұрады. Түнде тұрып "әкем қайда" деп жылайды. Мен өзім үшінші топ мүгедегімін, ауру болдым. Бұған кім жауап береді? Үш баламның көз жасына кім жауап береді? Істеген істерін мойнымен көтерсін! Оларды неге өлтірді? Төрт жасар бала, 12 жасар қыз террорист пе? Бәрін қырып салды, - деді қаңтар оқиғасы кезінде күйеуінен айырылған Шапағат Қадырова.

Жиналғандардың қолында "Ел үшін алаңға шыққандар террорист емес – батырлар", "Халыққа оқ атқандар жазалансын!" деген жазуы бар плакаттар болды.

Қаңтар оқиғасында кезінде қаза болған Түркістан облысының тұрғыны 22 жастағы Аңсар Исламның әкесі тергеудің әділ өтпей отырғанын алға тартып, "билік баламнан террорист жасағысы келе ме?" деген сұрақ қойды.

– Осыған дейін бас прокуратураға, жоғарғы сотқа жазғанбыз. Үш айдан кейін эксгумация жасап, денесінің ішінде спирт бар деген қорытынды шығарды. Ол өмірде ішпеген адам. Бұл қалай сонда? Мен өзім эксгумацияға қатысуға рұқсат сұрап кірдім. Үш айдан кейін мәйіттің қандай күйде болатынын білесіздер. Мен бәріне шыдап кірдім. Ішек-қарнының бәрін ақтарды. Миына дейін. Ішімдік ішкен деп отыр. Оны террорист жасайын деп жатыр ма? Маған әділдік керек, – деп ашынды Әлімжан Аманқұлов.

Бұдан соң прокуратура өкілі іштен шығып, наразы азаматтарды "диалогқа" шақырды. "Ішке кіріп, сұрақтарыңызға жауап берейік" деді.

"Біз ештеңені жасырып отырған жоқпыз. Жасыратын да ештеңе жоқ" деді прокуратура өкілі. Бірақ ақпарат құралдарын кіргізбеді. "Ақпарат құралдарына бөлек хабарлама береміз" деді.

Дәл осы күні таңертең Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғандардың кейбірін полицияның ұстап әкеткені хабарланды. Олар сәрсенбі күні прокуратура алдына барып, аштық жариялайды деген де ақпарат болған еді. Полиция ұстады деген белсенділердің телефондары сөндірулі тұр. Полиция әзірге ақпарат бермеді.

  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Бұған қоса, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны хабарланды. Билік опат болғандардың есімін жарияламады.

  • Осыған дейін белсенділер мен құқық қорғаушылар, қаза болғандардың туыстары қайтыс болған азаматтардың өліміне қатысты істердің баяу жүріп жатқанын айтып сынаған. Мамыр басында Human Rights Watch (HRW) ұйымы "Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдардың өлімін тергеу ашық жүріп жатқан жоқ, ұсталғандарды азаптау жайлы іс материалдары бір инстанциядан екіншісіне өтіп, баяу қаралып жатыр" деп мәлімдеген.

  • Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.




[ad_2]

Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар